Үйлерімізге қауіп төніп тұр: Арыс тұрғындары әскери бөлімдегі дүмпулерден қашан құтылады

АРЫС. KAZINFORM — Түркістан облысы Арыс қаласындағы «Көктем» шағынауданының тұрғындары әскери бөлім аумағында оқ-дәрілерді жою кезінде болатын дүмпулерден кейін үйлерінің қабырғаларында жарықшақ пайда болып, баспаналары бүлініп жатқанын айтып шағымданды.

Хлопок боеприпаса в Арысе после возгорания сухой травы: в Минобороны объяснили произошедшее
Видеодан кадр

Үнемі үрейде жүреміз

«Көктем» шағынауданының тұрғыны Ұлбосын Абдраманованың үйі әскери бөлімнен шамамен 300-400 метр қашықта орналасқан. 2019 жылдан бері дүмпулердің салдарынан үйдің сылағы түсіп, іргесі сөгіле бастаған.

— Жеті жыл болды, жарылыстар тоқтаусыз жалғасып жатыр. Үйімізге жыл сайын жөндеу жүргізіп, шығындаламыз. Қазір жөндеуге шамамыз келмей отыр. Әр дүмпу болған сайын денсаулығымызға да әсер етеді. Жүрегіміз ауырады, үнемі күйзеліс пен үрейде жүреміз. Кейде дүмпу кезінде балаларды алып, қала сыртына шығып кетеміз. Осылай өмір сүре береміз бе? Қауіптен қашан толық арыламыз? — дейді ол.

арыс
Фото: Гаухар Пірімқұлова

Ал Айтолқын Қаратаеваның айтуынша, 2019 жылғы жарылыстан кейін оның үйі бұзуға жататын үйлер қатарында болған. Алайда сол кезде баспананың шатыры мен есік-терезелері ғана ауыстырылған.

— Ол кезде мұндай жарықшақтар жоқ еді. Қазір дүйсенбіден жұмаға дейін дүмпулер болады. Соның салдары — жарықшақтар көбейіп кетті. Жақында болған дүмпуден кейін бір бөлмедегі жарықшақтар ұлғайып, қауіп төндіріп тұр. Келіп, тексеріп көрсін. Балаларым кішкентай. Тағы бір дүмпу болса, үй шыдас бермей ме деп қорқамын, — дейді тұрғын.

Арыс
Фото: Гаухар Пірімқұлова

Арыстағы әскери бөлімге жақын орналасқан «Көктем» шағынауданында 400-ге жуық үй бар. Тұрғындардың айтуынша, уақыт өткен сайын дүмпулерден зардап шеккен үйлердің саны артып келеді.

— Біз тұратын бір ғана көшенің бойында 20-дан астам үйдің қабырғасында жарықшақ пайда болған. Шағынауданда мұндай жағдайға тап болған үй көп. Оқ-дәрілерді әскери бөлім аумағында жоюға болады деген қорытындыны мамандар үш жыл бұрын берген. Қазір әскерилер сол сараптаманың қорытындысына сүйеніп, оқ-дәрілерді жойып жатқанын айтып отыр. Егер дүмпудің тұрғын үйлерге зияны жоқ деген қорытынды берген сараптама болса, оның дұрыстығы тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылуы керек, — дейді жергілікті тұрғын Гаухар Пірімқұлова.

Жарылыс кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады — министрлік

Қорғаныс министрлігі Kazinform агенттігіне 44859 әскери бөлімінің аумағындағы өрттер мен жарылыстар салдарын жою жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп жатқанын растады. Осы уақыт аралығында Қазақстан Қарулы Күштері 2,4 млн астам жарылыс қаупі бар заттар мен олардың фрагменттерін жойған.

— Жарылыс жұмыстары, яғни жарылыс қаупі бар заттарды жою күн сайын, сенбі, жексенбі және мереке күндерінен басқа уақытта, Арыс қаласынан 50 шақырым қашықта орналасқан арнайы жабдықталған жарылыс алаңында, сондай-ақ 44859 әскери бөлімінің техникалық аумағында жүргізіледі, — делінген ведомство жауабында.

Министрлік мәліметінше, аумағы 530 гектардан асатын техникалық учаскеде тасымалдауға келмейтін кейбір оқ-дәрілер жойылады. Ал «Көктем» шағынауданы жарылыс жұмыстары жүргізілетін учаскеден 2 шақырым қашықта орналасқан.

Қорғаныс министрлігі жарылыс жұмыстары кезінде барлық қажетті қауіпсіздік шаралары сақталатынын атап өтті. Жарылыстың қоршаған нысандарға, оның ішінде сейсмикалық және әуе соққы толқынының әсері, сондай-ақ сынықтардың ықтимал ұшу қаупі есепке алынады.

— Пайдаланылатын жарылғыш заттардың мөлшері мен қажетті қауіпсіз қашықтықтарға қатысты есептеулер жергілікті тұрғындардың өмірі мен денсаулығына және жақын орналасқан нысандарға зиян келтіру мүмкіндігін болдырмайтындай етіп жасалады, — деп мәлімдеді министрлік.

В Минобороны прокомментировали сообщения о взрывах в Арыси
Видеодан кадр

Оқ-дәріні жою жұмыстарының аяқталу мерзімі әзірге белгісіз

Министрлік Арыс қаласының әкімдігімен бірлесіп, сондай-ақ тұрғындардан өтініш түскен жағдайда прокуратура, төтенше жағдайлар министрлігі, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, сәулет бөлімдерінің, қалалық Ақсақалдар кеңесінің өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп келеді.

Ал нысандарға техникалық мониторинг жүргізу Қорғаныс министрлігінің құзыретіне кірмейтінін мәлімдеді. Осыған байланысты биыл қыркүйек айында өткен кездесуде Арыс қаласының әкімдігі жақын орналасқан тұрғын үйлерде аспаптық өлшеулер жүргізуді ұсынған. Қазіргі таңда оны жүргізу мерзімі нақтыланып жатыр.

— Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын ескере отырып, Қарулы Күштер әскери бөлім аумағында жойылатын жарылыс қаупі бар заттардың санын және көлемін барынша азайту бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдап жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери бөлім аумағындағы топырақ жамылғысының 95 пайыздан астамы жарылыс қаупі бар заттардан тазартылған. Қазір салдарды жою бөлімшелері топырақ астындағы жарылыс қаупі бар заттарды іздеу, шығарып алу және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Олардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Қалған оқ-дәрілердің басым бөлігі аса қауіпті санатқа жатады. Оларды тасымалдау әскери қызметшілер үшін жоғары қауіп төндіреді. Мұндай оқ-дәрілерді қашықтағы алаңға тасымалдау мүмкін емес, сондықтан олар тұрған жерінде жойылады, — делінген Қорғаныс министрлігінің жауабында.

Ведомство оқ-дәрілерді жою жұмыстарының нақты аяқталу мерзімін атау мүмкін емес екенін атап өтті. Себебі жарылыс қаупі бар заттармен жұмыс кезінде асығыстық жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жұмыстарды мүмкіндігінше тез әрі қауіпсіз аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.

қабырға
Фото: Гаухар Пірімқұлова

Арыстағы оқ-дәріні жою жұмыстары: облыс әкімі не деді

Мәселе бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Арыс қаласы тұрғындарымен кездесуінде де көтерілді.

— 2023 жылы осы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезімде Қорғаныс министрінен сұраған болатынмын. Сол кезде бұл жұмыстарды 10 жыл ішінде аяқтаймыз деген еді. Ол жерде біраз қор бар, сондықтан жұмысты кезең-кезеңімен жүргіземіз, оған 10 жылдай уақыт қажет деді. 2030 жылға дейін аумақты қауіпсіз ету бағытында бірқатар жұмысты жүзеге асырамыз деген уәде болды. Қазір Қорғаныс министрі жаңадан тағайындалды. Осы мәселені тағы да көтеріп, сөйлесемін. Содан кейін сіздерге ресми түрде жауап береміз, — деді өңір басшысы.

Ал Арыс қаласының әкімдігі тұрғындар сотқа жүгіне алатынын мәлім етті.

— 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында Қорғаныс министрлігіне қарасты 44859 әскери бөлімінің қоймаларында жарылыс болып, қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қала 17 секторға бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 8637 үйдің 7389-ы жөнделіп, жарамсыз деп танылған 477 тұрғын үй қайта салынды. Ал тұрғындардың қазіргі шағымына қатысты тасымалдауға келмейтін оқ-дәрілерді жою жұмыстары салдарынан тұрғын үйлерге зиян келтірілгені дәлелденсе, бұл мәселе қолданыстағы заңнамаға сәйкес сот тәртібімен шешіледі. Азаматтар сотқа жүгінуге құқылы, — делінген әкімдіктің редакцияға берген жауабында.

үй
Фото: Гаухар Пірімқұлова

Бұған дейін тамыз айында Арыстағы жарылысқа қатысты жағдайды хабарлаған едік.  

Сондай-ақ 2019 жылғы Арыстағы жарылыстың салдары жайында осы сілтемеден оқуға болады.