Нью-Йоркте ғимарат опырылып, бір адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бруклин ауданында үш қабатты ғимараттың бір бөлігі құлады, деп хабарлайды Report.

Үйінді астында адамдар болуы мүмкін: Нью-Йоркте үш қабатты ғимарат құлады
Фото: Report

Бұл туралы ең алдымен CNN телеарнасы Нью-Йорк өрт сөндіру департаментіне (FDNY) сілтеме жасап хабарлаған. 

Департаменттің мәліметінше, ғимараттың опырылуы салдарынан бір адам көз жұмды.

Ғимарат Бруклиннің оңтүстігіндегі негізінен тұрғын үйлер орналасқан Флэтбуш ауданында тұр. Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00 (Астана уақытымен 02:00) шамасында болған.

Қазір құтқарушылар үйінді астында адамдар қалуы мүмкін деген болжаммен іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқыс оқиғадан әзірге екі адам зардап шеккені анықталды. Олар дәрігерлердің бақылауына тапсырылды.

Айта кетейік, Каппадокияда жартас опырылып, екі адам қаза тапты.

Бұған дейін Пәкістанда мектеп шатыры опырылып, 34 оқушы мен мұғалім мерт болған еді.