Үйінен кетіп қалған ақмолалық жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды

Үйінен кетіп қалған ақмолалық жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды
Фото: freepik.com

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында үйінен кетіп қалған 13 жастағы қыз бірнеше күннен кейін табылды. Полиция жасөспірімді кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім 11 қыркүйекте үйінен кетіп қалған. Ал анасы 19 қыркүйекте полицияға хабарлап айтқан.

Белгілі болғандай, жасөспірім осыған дейін де үйінен бірнеше рет кетіп қалып жүрген. Қыз өзін іздейтінін біліп, бой тасалап жүрген.

«Жедел іздестіру шарасы барысында жасөспірім аман табылды. Оған қатысты ешқандай заңға қайшы әрекет жасалған жоқ. Ол өзінің қайда болғандығын және бірнеше күн бойы қаражатсыз қалай жүргенін айтудан бас тартты. Полиция оның шатақ мінезі және үйінен жиі кетіп қалып жүргенін ескеріп, одан әрі жұмыс істеу үшін Көкшетау қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 11 сынып оқушысы сабаққа бармай шахтадан алтын іздегенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram