Ұйымдасқан қылмысқа қарсы заңнаманы жетілдіру үшін ЕҚЫҰ сарапшылары тартылады

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
None
None

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Бұл ретте құжатта ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің жаңа түрі мен тәсілін енгізу шаралары қарастырылады. Олардың әрекет етуіне жағдай туғызатын қаржы көздерін, бұндай қылмыстарға мемлекеттік қызметкерлердің қатысуын түп тамырымен жою көзделеді. Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмыс топтарымен, қылмыстық қауымдастықтармен, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топтармен жасалған қылмыстарға жазаны қатайту да қарастырылады.

Бұдан бөлек, заң жобасында қылмыстық қауымдастықтармен, трансұлттық қылмыстық қауымдастықтармен жасалатын қылмыстардың ұғымдарын нақтылау тетіктері де қамтылып отыр. Сонымен қатар бұндай қылмыс жасағандарға олардың мүлкін тәркілеу, шартты түрде бас бостандығынан айыруды шектеу секілді міндетті қосымша жазалар көзделеді. Ұйымдасқан қылмыстық топқа, трансұлттық қылмыстық топтарға кәмелетке толмағандарды тартуға қатысты жауапкершілік те қатая түседі. Ұйымдасқан қылмыспен байланысты қылмыстар бойынша баламалы тергеу енгізу жолдары да қарастырылады.

«Заң жобасын жетілдіруге қатысты жұмыс әлі де жалғаса түсетін болады. Жалпы, құжат ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталып отыр. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ға өтініш жасап, осы саладағы заңнамасы бойынша жетекші рөл атқаратын үш мемлекеттен халықаралық сарапшыларды тартуды сұрадық. Атап айтқанда, бұл мемлекеттер қатарына - Ресей, Грузия және Италия мемлекеттері жатады», - деді заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Николай Турецкий.

Соңғы жаңалықтар