Ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектескен қостанайлық полицейге үкім шықты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық сотында ұйымдасқан қылмыстық топпен байланыс жасаған тәртіп сақшысына үкім шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі  облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектескен қостанайлық полицейге үкім шықты

Іс материалдарына сүйенсек, тәртіп сақшысы Е.Қанапин 2012 жылғы 1 маусым мен 24 тамыз аралығында Р.Асылбаев, А.Петренко және Н.Киселёва құрған қылмыстық топтың есірткі сатуына көмектескен.

«Қанапин өзінің қызметтік жағдайын заңға қайшы пайдалана отырып, ұйымдасқан қылмыстық топқа героин өткізуге жәрдемдесті. Ол қылмыстық топ мүшелерінен сыйақы түрінде ақша мен есірткі заттарын алып отырған. Е. Қанапин ҚР ҚК 307-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталды», -делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.

Сот үкімімен Е.Қанапинге 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК 49-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, бұрынғы тәртіп сақшысы аға лейтенант шенінен айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.