Ұйымдасқан қылмыстық топпен қылмыс жасаған тұлғаны жұмысқа қабылдаған басшы жауапқа тартылады

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұйымдасқан қылмыстық топпен қылмыс жасаған тұлғаны жұмысқа қабылдаған басшы жауапқа тартылады.

Ұйымдасқан қылмыстық топпен қылмыс жасаған тұлғаны жұмысқа қабылдаған басшы жауапқа тартылады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров осылай мәлім етті.

«Заң жобасы бойынша «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР заңына ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған тұлғаны мемлекеттік қызметке қабылдамау туралы арнайы норма енгізіледі. Сонымен қатар, дәл осындай ұйымдасқан қылмысқа қатыстылығы бар тұлғаны жұмысқа қабылдағаны үшін басшылар тікелей жауапқа тартылатын болады, ондай басшылар жұмыстан босатылады», - дейді ІІМ орынбасары А. Әубәкіров.

Сонымен қатар министрлік өкілінің айтуынша, құжатта азаматтарды, қоғамды, мемлекетті ұйымдасқан қылмыстық топтардың жағымсыз әсерінен қорғау деңгейін арттыру шараларды қарастырылады. «Ұйымдасқан қылмыстық топтардың, трансұлттық қылмыстық топтардың мемлекеттік қызмет саласына, «көлеңкелі экономика» құбылысына кірігуін, таралуын және соларға ықпал етуін азайтуға, кедергілер қалыптастыруға бағытталған нормалар да көзделіп отыр. Ал бұндай заң жобасын қабылдау әлеуметтік және экономикалық салдарға соқтырмайды», - А. Әубәкіров.