Ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалған қылмыстарға жаза күшейтіледі
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалған қылмыстарға жаза күшейтіледі.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Әубәкіров осылай мәлім етті.
ІІМ орынбасарының айтуынша, аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. «Бұл ретте құжатта ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің жаңа түрі мен тәсілін енгізу шаралары қарастырылады. Олардың әрекет етуіне жағдай туғызатын қаржы көздерін, бұндай қылмыстарға мемлекеттік қызметкерлердің қатысуын түп тамырымен жою көзделеді. Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмыс топтарымен, қылмыстық қауымдастықтармен, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топтармен жасалған қылмыстарға жазаны қатайту да қарастырылады», - деді Амантай Әубәкіров.
Оның айтуынша, заң жобасында қылмыстық қауымдастықтармен, трансұлттық қылмыстық қауымдастықтармен жасалатын қылмыстардың ұғымдарын нақтылау тетіктері де қамтылып отыр. Сонымен қатар бұндай қылмыс жасағандарға олардың мүлкін тәркілеу, шартты түрде бас бостандығынан айыруды шектеу секілді міндетті қосымша жазалар көзделеді. Ұйымдасқан қылмыстық топқа, трансұлттық қылмыстық топтарға кәмелетке толмағандарды тартуға қатысты жауапкершілік те қатая түседі. «Ұйымдасқан қылмыспен байланысты қылмыстар бойынша баламалы тергеу енгізу жолдары да қарастырылады», - дейді ІІМ орынбасары.