Ұйымдасқан қылмыстық топтар «Қорғас» кедендiк бекетiндегi бұрынғы ықпалдарын қайтарып алуға тырысуы мүмкiн - Кеден комитетi

АСТАНА. 18 шiлде. ҚазАқпарат - Ұйымдасқан қылмыстық топтар «Қорғас» кедендiк бекетiндегi бұрынғы ықпалдарын қайтарып алуға тырысуда. Бұл туралы бүгiн Астанада баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлiгi Кедендiк бақылау комитетi төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов мәлiм еттi.

Ұйымдасқан қылмыстық топтар «Қорғас» кедендiк бекетiндегi бұрынғы ықпалдарын қайтарып алуға тырысуы мүмкiн - Кеден комитетi

«Бiз «Қорғас» бекетiнде автокөлiктердiң дөңгелектерiн жарып кету оқиғалары жөнiнде бағдарламаны көрдiк. Бұл бiр-бiрiне бәсекелес тасымалдаушы компаниялар немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың iстегенi болуы мүмкiн. Олар өз кезегiнде шекарадағы кедендiк бақылаудың орнықты жұмысына кедергi келтiрудi көздеуi ықтимал. Өздерiңiз бiлетiндей, «Қорғас iсi» ҰҚТ-ны ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттiк органдар қызметкерлерiн де қамтыған болатын. Қазiр де сол бiр адамдар бұрынғы жағдайды қайтарып алғылары келедi. Соның барысында көлiктердiң дөңгелектерiн тесiп кету, жүргiзушiлердi қорқыту фактiлерi орын алып жатыр», - дедi А. Ержанов.

Комитет басшысының тағы бiр орынбасары Игорь Тен кедендiк органдар мұндай фактiлерге қарсы барлық шараларды атқарып жатқандығын атап өттi.

«Бiзде шекарадан кiрген тұстан бастап, барлық көлiктер бейнебақылауға алынатын болды. Кедендiк бекет аумағында жедел топ жұмыс iстейдi. Көлiктердiң дөңгелектерiн тесiп кету оқиғалары сынды кiшiгiрiм бұзақылықтар орын алмайтынына сенiмдi болыңыздар», - деп түйдi ол.