Ұзақ өмір сүру орталығына келетін балқаштықтардың саны өсуде
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқаш қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қала тұрғындары арасында өте танымал. Мұнда 7 мыңнан астам қарт адамдар бос уақыттарын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық қалалық ардагерлер Кеңесі жанындағы «Ардагер» клубының базасында ашылды. Келушілер үшін қызығушылық клубтары ұйымдастырылған, мерзімді басылымдар кітапханасы жұмыс істейді.
Ерлер дойбы мен шахмат ойнайды. Әйелдер қолөнерге көбірек көңіл бөледі. Орталықта тоқу, бисермен кестелеу бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі, дәстүрлі қазақ тігін техникаларын және зергерлік бұйымдарды дайындауды үйретеді.
Зейнеткерлерді дене шынықтыруға баулуға үлкен көңіл бөлінеді.
«Спорт залын ашқымыз келеді. Жабдықтардың жеткізілуін күтудеміз. Жүгіру жолы, гимнастикалық кілемшелер, скандинавиялық жүруге арналған таяқтар болады. Жақында шахмат пен дойбыдан турнир өтті. Орталыққа келушілердің бірі – 86 жастағы Балқаштың Құрметті азаматы Бекен Төлеуов жарыстың төрешісі болды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізу жоспарда бар. Әрине, бұл егде жастағы адамдар үшін қолайлы», – дейді орталық басшысы Қарлығаш Түсіпбек.
Сондай-ақ шығармашылық байқаулар, мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Орталық қызметкерлері Балқаш мұражайының қызметкерлерімен бірлесіп экскурсиялық турлар ұйымдастырады. Зейнеткерлер Бектау Ата шатқалында, Теміртау және Спасск қалаларында, Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында болды. Көптеген ардагерлер алғаш рет көрікті жерлер мен қасиетті жерлерді көрді.
«Біздің орталыққа барлық ниет білдірушілерді шақырамыз. Көбісі зейнетке шығады және бұдан әрі не істеу керектігін білмейді. Бізде қарым-қатынас орнатып, қызықты іс-шараларға қатысуға болады. Орталығымызда ешқашан зерікпейсіздер», – дейді Қарлығаш Түсіпбек.







