Ұзақ ұйқы алжасудың белгісі болуы мүмкін
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Егер қарт адам күндіз жиі, түнде ұзақ ұйықтайтын болса, демек, бұл адамда деменция белгілерінің дами бастағаны.
Францияның денсаулық сақтау ұлттық институты мамандары 5000 адамның денсаулығын тексеріп, осындай қорытындыға келді.
Клодин Берр бастаған зерттеушілер жасы 65-тен асқан қарияларды бақылауға алған. Олардың бестен бірінің шамадан тыс ұйықтайтыны анықталды және дәл осы топ интеллектуалды тестілеуден өте алмаған. Ал аз ұйықтайтын, сергек жүретін қарияларда алжасу белгілері байқалмаған. «Демек, ұйқының сапасы адамның ақыл-ой мүмкіндіктерінің нашарлауының көрінісі бола алады», - дейді мамандар. Бұл пікірді америкалық дәрігерлер де қуаттап отыр. Бір кездері медбике болып жұмыс істеген 15 мың әйелді тестілеуден өткізудің нәтижесінде көп ұйықтайтын адамдардың Альцгеймер ауруына бейім болатыны расталды, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.