Ұзақ жасау жағынан Жапония тағы да алға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам өмірінің ұзақтығы жағынан тағы да Жапония алдыңғы орынға шықты. Биылғы көрсеткіш бойынша күн шығыс еліндегі ер адамдардың орташа өмір жасы тағы да 80-нен асты, деп хабарлады Healthvesti.
Сонымен қатар, әйел адамдардың да өмір жасы соңғы екі жыл қатарынан 86, 61-ге жетіп, әлемдегі ең ұзақ өмір сүрудің үлгісін көрсетті. Биылғы есеп бойынша, онда ұзақ жасау жағынан ер адамның жасы 0,27-ге әйел адамдікі 0,20 жасқа артық болып отыр, деп жазады ақпарат көзі. Дені сау ұлт атанып, мұндай жетістікке жетудің басты себебі - медицинаның арқасы, деп мәлімдеді Жапония Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі. Министрлік өкілінің айтуынша, медицинадағы жетістіктің арқасында олар қазір өкпе ауруы, жүрек талмасы, қан қысымы мен қатерлі ісік ауруларының бетін қайтара алып отыр. Егер дәрі-дәрмек саласындағы тынымсыз ізденіс әрі қарай нәтижелі жалғаса беретін болса, адам өмірін бұдан да ұзартуға болады, деп есептейді жапондықтар. Айта кету керек, жапон әйелдері ең ұзақ өмір сүру жағынан осымен 26 жыл бойы бәрінен де алда келеді.