Ұзақбай Қарабалин: Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты керек болуы мүмкін

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Төртінші мұнай өңдеу зауытын болашақта жүзеге асыруды қарастырып жатырмыз. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин атап өтті.

Ұзақбай Қарабалин: Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты керек болуы мүмкін

«Жаңа мұнай өңдеу зауытын іске қосу мәселесі қаралып жатыр. Зауыттардың өндіретін өнімдері біздің индустрия мен экономиканың дамуына байланысты болады. Бағдарламаның дамуына орай болашақта бізге төртінші зауыттың керек болуы мүмкін. Ол мәселе қазір талқылануда», - деді министр.

Бұл тұрғыда Ұ. Қарабалин зауыттың қай жерде орнығып, қандай мөлшерде жұмыс істейтіні туралы тұжырымды шешім жасалмағанын атап өтті.

«Елбасының біздің алдымызға қойған мақсаттары өте жоғары. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету - ол бір бөлек үлкен мәселе. Сондықтан да төртінші зауыттың болашақта жүзеге асырылуын біз қарастырып жатырмыз», - деп түйді министр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде елімізде Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары бар.