Ұзаққа бармаған қуаныш: СҚО әкімі салтанатты түрде кілтін тапсырған пәтерлер бос тұр

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов желтоқсан айының басында бірнеше жыл баспана кезегінде тұрғандарға салтанатты түрде пәтер кілтін табыс еткен. Алайда жалға берілетін коммуналдық үйлер әлі күнге дейін бос тұр, деп хабарлайды Kazinform.

үй
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform

Петропавлдағы Береке шағынауданындағы көпқабатты алты үй басапанаға кезекте тұрғандарға деп салынған.

Осыдан бір ай бұрын бұл жерде салтанатты іс-шара өтіп, пәтер кілттері жүзі қуаныштан бал-бұл жанған тұрғындарға берілген еді.   

Бүгінде мұнда өлі тыныштық, тіршілік байқалмайды.

Оксана Тытенок 15 жыл баспана кезегінде тұрды. Ол жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санатына қарайды. Армандаған пәтеріне қол жеткіздім деп қуанған ол енді желтоқсаннан бері жаңа үйге кіре алмай жүр.

«Қараша айында кейбіреулеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен хабарласып, жетпей тұрған құжаттарды түгендеуді, анықтамаларды әкелуді сұраған. Оның ішінде балалардың тууы туралы, неке қию немесе ажырасу туралы құжаттар бар. Біз сұрағанның бәрін тез арада жинап бердік. Содан кейін кезегімізді білдік. Мен № 10 болып тұрдым, маған сен алып үлгересің, бірінші үйден пәтер беріледі деп сендірді. Хабарды күт деді. Жаңа жылға дейін баспананың берілетіндігін айтты. Тіпті арнайы чат құрып, оған біздің санатқа жататын 88 адамды қосты. Бірақ содан бері тым-тырыс, бір хабар жоқ», — дейді Оксана Тытенок.

Наталья Сенчина да — желтоқсан айының басында пәтер кілтін алғандардың бірі.

Ол 15 жыл кезекте тұрып, екі бөлмелі пәтерге ие болған еді. Бірақ, әзірге тек қағаз жүзінде ғана баспаналы болып отыр.

«Толық емес отбасы» ретінде пәтер кезегінде тұрдым. Сол күні бізге пәтер кілтін берді, ішін кіріп көрдік, содан кейін бізді шығарып, есігін қайта құлыптап қойды. Неліктен әлі күнге дейін пәтерімізге кіре алмай отырғанымызды түсінбеймін, нақты себебін ешкім айтпайды. Біресе келісімшарт жоқ дейді, енді бірде комиссия қабылдамады деп айтты. Пәтерлерде жарық та, жылу да бар, газды да қосуы тиіс еді. Әкімдікте жарықты уақытша берді деп айтты», — дейді қала тұрғыны.

Әйгерім Шуқанова да жетім ретінде баспана кезегінде тұрды. Ол да пәтерді 13 жыл күткен.

ЖК в Петропавловске
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform

«Кезекте 18-інші болып тұрдым. Балам екеуімізге 18 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Алдында екі бөлмелі береміз деген. Кейін әкімдіктің 217-ші кабинетіне барып білдім, құжаттары жоқ, сондықтан әзірге қоныстана алмайсыңдар деп айтты», — дейді Әйгерім Шуқанова.

Жалға берілетін 6 коммуналдық үйде 600 пәтер бар. Оның 120-сы «жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар» санатына жататындарға берілуі тиіс еді. Жоспар бойынша үш жыл бұрын берілуі керек болған.

Алайда жауапсыз мердігер өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқармады. Былтыр облыстың экс-әкімі Айдарбек Сапаров бұл үйлердің құрылысын қатаң бақылауға алып, күнделікті тексеріп отырды. Нәтижесінде іс алға басты.

Ал желтоқсан айында жаңа әкім Ғауез Нұрмұхамбетов пен Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев тұрғын үйлердің пайдалануға берілетінін айтты. Желтоқсан айында пәтер кілттерін үлестіріп, екі қоныс той иесінің басапаналарына кіріп, құттықтап шықты

Бірақ қаңтарда үйлердің әлі қаңырап бос тұрғандығы анықталды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта қоныстанушылардың тізімдері нақтыланып жатыр.

ЖК в Петропавловске
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform

«Кезекте тұрғандардың барлығын таба алмай жатырмыз. Қала әкімі Серік Мұхамедиев бұл туралы желтоқсан айында өткен есеп беру кездесуінде айтты. Олардың орнына басқаларды қоныстандыру мүмкін емес. Содан кейін жанжал туып, қазір тізімде тұрғандар өз үйлерін талап етуі мүмкін. Сондықтан біз барлық кезекте тұрғандарды іздейміз, содан кейін ғана қоныстандырамыз. Көрсетілген нөмірлер бойынша олар жауап бермейді, байланысқа шықпайды, базадағы мекен жайларға барып анықтап жатырмыз», -деді баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Петропавл қаласының әкімдігі кезекте тұрғандардың тізімін жаңартып жатқандығы қараша айында белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура облыс орталығында тұрғын үйді бөлу кезінде көптеген заң бұзушылықтарды тапты.

Қала әкімінің орынбасары Қалия Түренова мұны ТКШ бөлімінде кадрлардың жиі ауысумен түсіндірді. Оның айтуынша, тізімдерді нақтылайтын арнайы түгендеу тобы құрылған.

Неліктен дайын тұрған баспананың әлі күнге дейін пайдалануға берілмегені түсініксіз.

ЖК в Петропавловске
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform

Жетім балалардың жағдайын түсінуге болады. Петропавлда бұған дейін бірнеше рет олардың тұрғын үй алу құқығы бұзылды.

Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл санатқа тұрғын үйдің мемлекеттік қордан заңға сәйкес 20% үлесінің орнына небәрі 11% ғана алғанын анықтады.

Ведомство жетім балаларды баспанаға мұқтаждар тізімінен себептерін көрсетпей алып тастаған. Осындай 1 360 дерегі анықталды.

2021 жылы пәтерді төрт жылдан астам күткен Петропавл тұрғыны, жетім Александр Рябуха оны қайтыс болған адам ретінде кезектен шығарғанын кездейсоқ білген. Қала әкімдігі мұны техникалық ақаулықпен түсіндірді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезектілігі туралы ақпаратқа сәйкес Петропавл бойынша кезекте «жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатына кіретін 1 817 адам тұр.

Оның кейбіреуі 10 жылдан артық армандаған баспанасына қол жеткізе алмай жүр.

ЖК Береке
Фото: Олеся Жуковень/Kazinform