Ұзаққа созылған жаңғырту: Атыраудағы «Судоремонтник» стадионы матч өткізуге рұқсат алды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы «Судоремонтник» стадионы Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкестігін растап, Қазақстан Премьер-лигасының матчтарын өткізуге рұқсат алды. Бұған дейін нысандағы жаңғырту жұмысы белгіленген мерзімнен кешігіп, стадионның дайындығына қатысты мәселе көтерілген еді.
Биыл қыркүйектің ортасында стадиондағы негізгі құрылыс жұмысы шамамен 90 пайызы аяқталғанын хабарладық. Жұмыс кестесінің бұзылуына мінбелер мен металл конструкцияларды дайындайтын Ресей зауытынан тапсырыстың кеш жеткізілуі себеп болған. Жоба жетекшісі тапсырысты орындауға келісімшартта көзделген мерзімнен екі есе көп уақыт кеткенін айтқан.
«Атырау» ФК таратқан ақпаратқа сүйенсек, стадион лицензиялаудан сәтті өтіп, Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын қабылдауға рұқсат алған.
Енді «Атырау» футбол клубы «Судоремонтник» стадионын Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасынан жалға алды. Клубтың мәліметінше, аренаның сыйымдылығы 3 020 орынмен шектелгендіктен, матчтарға билет сату көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стадионға кіруді реттеу мақсатында ұйымдастырылады.
Билет бағасы 1 000–1 500 теңге аралығында болмақ.
Айта кетейік, «Атырау» клубы қазан айында өз алаңында «Елімай» және «Ертіс» командаларын қабылдауы керек.
Еске салайық, Атыраулық жас футболшылар биыл Freedom QJ League додасынан дәл осы алаңның уақытында дайын болмауы салдарынан тыс қалған еді.
Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты жолдамасына таласатыны жөнінде де жазған едік.