Ұзаққа созылған науқастан кейін 64-ке қараған жасында белгілі мемлекет қайраткері Сарыбай Қалмырзаев өмірден озды

Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев 1949 жылдың 10 маусымында Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Мәскеу экономика-статистика институтын, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын экономика мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Еңбек жолын 1971 жылы бастаған. 1971-1987 жылдары - Қазақ КСР Орталық статистика басқармасында аға экономист, бөлім бастығы, басқарма бастығы, басқарма бастығының орынбасары болып жұмыс істеген. 1987-1997 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік статистка комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүліктерді басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Жамбыл облысының әкімі. 1999-2002 жылдары Президент Әкімшілігінің басшысы, Әкімшілік басшысының орынбасары болған. 2003-2004 және 2008-2011 жылдары ҚР Президентінің іс басқарушысы болып жұмыс істеген. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне басшылық жасаған. 2011 жылдың сәуірінен ҚР Президенті Іс басқармасы «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК-нің директоры болған.
«Құрмет», «Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен және 7 медальмен марапатталған.