Үздік қарағандылық өрт сөндірушілер марапатталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы мен екі қызметкері Отан қорғаушылар күніне орай мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарағандылық Александр Минаевқа «Ерлігі үшін» медалін табыс етті. №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы көп қабатты үйдегі өрт кезінде екі баланы құтқарған.
Төтенше жағдай осы жылдың наурыз айында Қарағанды қаласындағы Резник көшесіндегі тұрғын үйде болды. Үйдің кіреберісі қою түтінге оранғанын көрген Александр Минаев баспалдақпен көтеріліп, үшінші қабаттағы балконнан сәбилерді төменге түсірген. Ол 10 жылдан астам азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келеді және осы жылдар ішінде өзін үздік құтқарушы ретінде көрсете білген.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде екі қарағандылыққа облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметіні бастығы Иван Комаровқа және Қарағанды қаласының №7 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Бақытжан Сәдуовқа награда табысталды. Иван Комаров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Бақытжан Сәдуов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қызмет басшысы мен қатардағы қызметкер төтенше жағдайларда, ауруханада және биік ғимараттады өрт сөндіру кезінде өздерін үздік құтқарушылар ретінде көрсете білген. Бақытжан Сәдуов жанып жатқан көпқабатты үйдің сегізінші қабатында адамдарды байқап, құтқару операциясын ұйымдастырып, оған өзі қатысқан. Жүргізуші екі баланы төмен түсіріп, аман алып қалған.
Иван Комаров профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығындағы өрт кезінде қол астындағылардың жұмысын басқарып, жеке құрамды шебер жұмылдыра білген. Сауатты ұйымдастырылған іс-әрекеттердің арқасында ешбір адам зардап шеккен жоқ.