«Үздік компания орысша мадақталып, қазақша масқара болды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 шілде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Үздік компания орысша мадақталып, қазақша масқара болды» - республикалық басылымдарға шолу

***
Сотқа деген халық сенімін қайт­кенде арттыруға болады? Ол үшін нендей оңды шараларды жүзеге асырған жөн? Жалпы еліміздегі ең адал да әділ сот үйі деп соңғы сенімін арқалап келген адамдардың ақ үмітін қалай ақтау керек? Бұл орайда Елбасының сот реформасының дамуына қатысты берілген тапсыр­ма­лары қалай орындалып жатыр? Міне, осындай көптеген сұрақтар­дың түйінін тарқату үшін кеше Жо­ғарғы Сотта үстіміздегі жылдың жартыжылдығындағы республика судьяларының сот төрелігін жүзеге асыру жұмысы қорытындыланды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Кемшіліктер ашылып, келелі міндеттер жүктелді» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Кеңесте қазіргі күнгі сот құры­лымы тиісті деңгейде тиімді емес екендігі де айтылды. Конституциямен жергілікті соттардың қызметін қадаға­лау бойынша бекітілген мін­дет­тің ор­нына Жоғарғы Сот сот істері бойын­ша қадағалауды жүзеге асырумен ай­налысып кеткен», - деп жазады басылым.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Әңгімелесу барысында мем­лекет басшылары ағымдағы жыл­дың тамыз - қыркүйек ай­ларына жоспарланған көпжақ­ты форумдар аясындағы бай­ланыс жоспарын талқылап, ай­мақтық тұрақтылық пен қау­­іпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі үйлесімділікті терең­дету мәселесін қозғады. Сонымен қатар, Ресей Президенті Нұрсұлтан Назар­ба­ев­қа құттықтау жолдады. «Сіздің бай саяси тәжі­ри­беңіз, Мемлекет басшысы ретіндегі қарқынды және жемісті жұмысыңыз қазіргі Қазақ­стан­ның әлеуметтік-экономи­калық дамуында тамаша жетістіктерге, халықаралық аренада жоға­ры беделге қол жеткізуіне мүм­кіндік берді», - делінген құттықтауда.

***

Былтыр жеткен жетістіктері үшін атағы дардай «Алтынтау Көкшетау» АҚ орысшалап жоғары мадақталғанымен, қазақшасында қатты мазақ болыпты. Расында да солай. 2010 жылы аталмыш компания Васильков кен орнындағы алтынды игеруі және алтын іздеуші фабрика құрылысы үшін «Жыл олқылығы» деген атап алыпты. Ия, ия! Жеткен жетістігі үшін жылдың ең «олқы» компаниясы атаныпты. Былтырдан бері осы атты «алақайлатып» тұрып көтеріп жүрген компанияны қайдам, тіліміздің кезекті рет кері кеткен тірлігіне қарап біз қатты ұялдық», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланың толық нұсқасын оқып, оқиғаның мән жайына қаныққыңыз келсе, бүгінгі нөмірдегі «Үздік компания орысша мадақталып, қазақша масқара болды» деген тақырыпқа көз салыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Ақтөбе облысы Шұбаршидегі жағдай әлі тыныш емес. Ауыл халқы үрейленіп отыр. Іздеу салынған 6 күдікті болса әлі ұсталған жоқ. Өткен сенбіде қылмыскерлердің қолынан арнайы жасақ сарбазы мерт болып, үш тәртіп сақшысы жараланды. Қайғылы оқиға Шұбарши ауылында екі полиция қызметкерін атып кеткендерді ұстамақ болған кезде болды. Қазір ішкі істер министрлігінен жіберілген арнайы жасақ пен әскери бөлім жауынгерлері Шұбарши ауылын қоршауға алған. Іздеу жарияланған алты адамды ұстауға көмектесіп ақпарат бергендерге әр қылмыскер үшін 100 мың АҚШ доллары сыйақы тағайындалды. Полицейлерді атып өлтіргендердің діни ұйымға қатысы барын құзырлы орган растамайды да, жоққа да шығармайды. Тәртіп сақшыларына қарсы шабуыл жасаған тараптан да шығын бар көрінеді. Жарияланым «Дүрбелең түйіні қашан шешіледі?» деген тақырыппен жарық көрді.

***

Кеше ғаламтор көздерінде «Келесі жылы өтетін Лондон олимпиадасында алтыннан алқа тағуға бірден-бір үміткер Қанат Ислам дүбірлі додаға бармай қалуы мүмкін» деген ақпарат тарады. Осыған орай «Айқын» газеті іле-шала Қанат Исламмен байланысқа шығып, бірқатар жайттарды анықтаған. Басылымның атап өтуінше, Қытай жағы Қазақстан атынан Қанаттың Әлем және Олимпиада ойындарында өнер көрсетуіне қарсы екендігін айтып, АИБА-ға шағым түсірген. Олар «Қанат Қытай бокс федерациясының келісімінсіз жұмыстан шығып, Қазақстанға кетіп қалған» деген деректі алға тартқан. Мән-жайды «Бару, бармау - АИБА-ның қолында!» деген мақаладан біле аласыздар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сәби зорланды» деген ақпар өзге елдерден естілсе, жағамызды ұстап, «мұнысы несі?» деп шошушы едік. Бүгіндері «кішкентай сәби зорланды» деген сөзді құлағымыз шалса елең етпейтін болдық. Себебі еліміздің түпкір-түпкірінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау әрекеттері орын алып жүр. Тек бір аптаның ішінде осындай екі қылмыс тіркелсе, екі айда 10-нан аса бала «сәбиқұмар» жауыздардың құрбанына айналды. Қоғамымызға дендеп еніп бара жатқан осы бір арсыздық, айуандық жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Сәбиқұмарларға» «химиялық сүндеттеу» әдісін қолдану керек пе?» деген мақалада кеңінен баяндалған.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына «Опералия» IV халықаралық фестиваліне қатысушылардан - Италия, Германия, Голландия, Норвегия мен Ресейдің әлемдегі та­нымал опера әншілерінен осы халықаралық музыкалық фо­румды тамаша ұйымдастырғаны және жылы шырайлы қа­был­дауы үшін зор ризашылықтарын білдірген хат келді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. «Бүгінде Қазақ­стан, оның әсем елордасы Астана тек Еуразия жүрегі ғана емес, сон­дай-ақ Шығыс пен Батысты, мәдениет пен өркениетті жал­ғас­тыратын көпір болып табы­лады. Елорда күні қарсаңында Сізге денсаулық, бақыт, толай­ым та­быс­тар және сарқыл­май­тын ша­быт тілейміз!» делінген хатта.