Үздік оқытушы: Мақсатым - шетелде тағылымдамадан өту
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауы жеңімпаздарының бірі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты, математика және механика ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Рүстем Манатбаев ҚазАқпарат тілшісіне алға қойған жоспарлары туралы айтып берді.
Рүстем Манатбаевтың жоғары оқу орнында жұмыс істеп жатқанына 20 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында ол жүздеген маман дайындауға атсалысты.
«Жас ұрпаққа сапалы білім және өнегелі тәрбие беру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Тәуелсіз мемлекетімізге қажет еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, білімі мен іскерлігін жан-жақты қолдана білетін мамандарды дайындау – оқу орындарының алдында тұрған негізгі талап. Сонымен қатар, студенттердің болашақта білімді де білікті маман болып қалыптасуына оқытушы да зор әсерін тигізері сөзсіз. Мен 20 жылда 35 магистрант дайындадым. Қазір докторанттарды дайындап жатырмын. Жақында екі шәкіртім жазған еңбектерін қорғайды»,- дейді Рүстем Манатбаев.
Кейіпкеріміздің жел энергетикасы саласында 3 патенті және 90-нан астам ғылыми жарияланымы бар.
«Менің жел энергетикасы бойыша екі халықаралық және бір ұлттық патентім бар. Сонымен қатар, 90-нан астам ғылыми жұмыстарым жарияланды. Оның 15-і рейтінгісі жоғары журналдарға шықты. Бұл - менің көпжылдық еңбегімнің жемісі» - дейді ол.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы сөз арасында кітап жазып жатқанын да тілге тиек етті.
«Бүгінгі күнге дейін бір монаграфия және бес оқу құралын жаздым. Тағы бір ғылыми кітап жазып жатырмын. Биыл жарыққа шығады»,- дейді техника ғылымдарының кандидаты.
Оның айтуынша, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауының жеңімпазы атану үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Біріншіден, жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл байқау ЖОО-ның оқытушыларын жігерлендіреді, алға қойған мақсатына жетуге ықпал етеді деп ойлаймын»,- дейді ол.
Рүстем Манатбаев алдағы жоспарын бөлісті.
«Биыл маусым айында Қазақстан, Қытай және Болгарияның жоғары оқу орындары бірігіп халықаралық конференция өткіземіз. Осы конференцияның тең төрағасымын. Яғни, ұйымдастыру жұмысына атсалысамын. Ауқымды шара Болгарияда өтеді. Конференцияда мамандар баламалы энергетика саласы жайында сөз қозғайды. Сонымен қатар, рейтінгісі жоғары шетелдік журналға мақала жариялау да ойымда бар. Шетелдік ЖОО-нан бір ай тағылымдамадан өту жоспарымда»,- дейді Рүстем Манатбаев.
Бұған дейін Алматыда 2021 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері марапатталғанын жазған болатынбыз.