Үздік өнертапқыштар анықталады
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Сәуірдің 24-інде Астанада ҚР Әділет министрлігі Ұлттық меншік құқығы комитеті және «Интеллектуалдық меншік ұлттық институты мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының» ұйымдастыруымен өнертабыс саласындағы жетістіктер жөніндегі IV республикалық «Шапағат» байқауының қорытындысы жарияланады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Байқау аясында ҚР Парламенті депутаттары мен Әділет министрлігінің, Сыртқы істер министрлгі мен Білім және ғылым министрлігінің, Меншіктік интеллектуалдық құқық комитетінің, сондай-ақ басқа да құзырлы органдардың өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізіледі. Мамандар елдің индустриялық-экономикалық дамуына инновациялық қызмет пен өнертапқыштық саланың қосатын үлесі ой-пікірілерін ортаға салады. Сонымен қатар, өндірістік меншік саласында қол жеткізілген айтулы табыстарды насихаттап, осы салаға инвестиция тарту туралы ұсыныстар тыңдалады. Әрі тиімді жаңалықтарды өндіріске енгізу туралы сөз болады. Өнертабыс саласына қатысты жыл сайын өткізілетін бұл шара биыл алтыншы рет мәреге шықты. «Жылдың үздік өнертапқышы», «Әйел-өнертапқыш», «Ең жас өнертапқыш», «Ең белсенді өнертапқыш» , «Жас дарын» аталымының жеңімпаздары анықталып, Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан үлесі үшін арнаулы дипломдар табыс етіледі. «Шапағат-2009» байқауында Бүкілдүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының қазақстандық өнертапқыштарға тағайындаған марапатының иесі анықталады.