Үздік педагог Бейбіт Бибосынов: Өмірімді білікті маман тәрбиелеумен байланыстырып отырмын
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауында алдыңғы қатардан көрінген Бейбіт Бибосынов өз саласының ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы аптада Қостанайда мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Биыл оныншы рет өтіп жатқан мерейтойлық рәсім Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді.
29 қыркүйек күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген 64 мұғалім «Үздік педагог-2021» атағына ие болды. Педагогтердің әрқайсысы 1000 АЕК көлемінде сертификатпен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. https://kaz.inform.kz/news/kazakstannyn-uzdik-pedagogtary-kostanayda-marapattaldy_a3842698
Олардың арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Кәсіптік-техникалық колледж» КММ-нің өндірістік оқыту шебері Бейбіт Бибосынов та бар.
Бейбіт Дүйсенбиұлы Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында кәсіптік лицейін тәмамдап, кейін Алматыда жоғары білім алды. Алматыда 2011 жылдан бастап үш жыл қатарынан педагог болып қызмет етіп, кейіннен елордада осы сала бойынша жұмысын жалғастырды.
«Осы салада қызмет етіп жүргеніме 10 жыл болды. Педагог болу өзіме ұнайды, өмірімді осы бағытпен тығыз байланыстырып отырмын. Өндірістік оқыту шебері ретінде студенттерге тәжірибе жүзінде дәнекерлеу саласына оқытамыз. Осы орайда студенттер қолмен істеп, көзбен көріп, нақты біліктілігін шыңдайды. Жастарға теориялық білімімен қатар, тәжірибе жүзінде де маңызды тақырыптарды меңгеріп шығуына көмектесеміз. Өз саламда электрлі дәнекерлеу аппаратымен жік салуды үйрету кезінде қандай электр қуатын қосу керек екенін, қай металды таңдауды, электродты қосу және басқа да қажетті тәжірибелік сипаттағы қыр-сырынан тәлім береміз», - деді Б. Бибосынов.
Оның айтуынша, дәнекерлеуші мамандарға елімізде сұраныс жоғары. Бұл тұрғыда елордадағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарда, құрылыс нысандарында осы саланың мамандарына қажеттілік бар.
«Бізге түрлі кәсіпорындардағы кадр бөлімінен хабарласып, білікті жастарды жұмысқа шақырып жатады. Өзімнің өмірімді педагог саласымен жалғастырып, жақсы маман тәрбиелеумен байланыстырып отырмын. Саладағы жетістігімде заманауи технологиялармен сабақ бергенім бағаланды. Сандық бағдарламамен жабдықталған аппараттарды жетік меңгеріп отырмыз. Осы орайда бұл бағыттағы жұмыстарым байқаудағы қазылар алқасына ұнады», - деді Бейбіт Бибосынов.