Үздік жас дипломаттар марапатталды
Сыртқы істер министрлігінің жобасына елорданың 7 мектебінен (№3, №4, №5, №6, №48, №75, №81) 35 оқушы қатысты. Болашақ дипломаттар екі ай бойы Бразилия, Германия, Грузия, Корея, Жапония, Польша, Түркия мемлекеттерінің елші және елшіліктерімен жұмыс жасап, аталған сала жұмысының қыр-сырымен танысты.
Жобаның бүгінгі ақтық сынында оқушылар БҰҰ моделіне сәйкес «Болашақтың энергиясы» тақырыбында отырыс өткізіп, энергия тақырыбын талқыға салды. Яғни, әр мемлекет дипломаттары өз елдерінің болашақта энергия өндіруге қатысты ұстанымдары мен жобаларын ұсынды.
«Дипломаттар мемлекеттің маңызды қызметкерінің бірі. Олар өз елдерінің мүддесін қорғап қана қоймай, шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас жасап, ынтымақтастықта жұмыс істей білуі тиіс. Бұлай дейтін себебім, осы отырған жастар еліміздің болашақ дипломаттары», - деді еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
Министр жасөспірімдерді дипломатиялық қызметтегі алғашқы қадамдарының сәтті басталуымен құттықтап, барлықтарының еңбектерін ерекше бағалап, марапаттады.
«Жобаға қатысқаныма қуаныштымын, себебі болашақ дипломат ретінде өзіме қажетті көптеген дүниемен таныстым. Нақты айтқанда, біздің командаға Жапония елі түсті және жоба барысында осы елдің елшілігімен белсенді жұмыс істедік. Одан бөлек, елшілікте өтетін маңызды шаралардың қалай ұйымдастырылып, өтетінімен таныстық», - деді Астана қаласы №48 лицейінің 9 сынып оқушысы Аида Оразхунова.
Еске салсақ, жас дипломаттарға арналған аталған жоба қазан айында басталған болатын.