18:41, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үздіксіз білім беру жүйесін жасау қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға байланысты жүзеге асады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ – Үздіксіз білім беру жүйесін жасауға әлі қоғам да, үкімет де дайын емес.

Бұл Алматыда өткен «Үздіксіз экономикалық білім беру: оқытуды және әдістемелік қамтамасыз етуді модернизациялау» деп аталатын IV республикалық оқу-әдістемелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жыл сайын өтетін бұл конференция осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Алайда оның нақты нәтижесін әлі көріп отырғамыз жоқ. Оған Білім және ғылым министрлігі тарапынан да, жұртшылық арапынан да ерекше қызығушылық байқалмайды. Ұзақ жыл вице-министр болған адам ретінде мен оны қазақстандық ғана емес алыс-жақын шет елдердің де ғалымдары мен сарапшы мамандары қатысатын алқалы жиында айтылған әңгімелерді тыңдауға құзырлы органдардың бірде-бір уәкілінің қатыспауын соның нақты айғағы деп айта алам», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұзан Ысқақов. Экономика ғылымының докторы, профессор Ұзан Мұлдашұлының айтуынша, үздіксіз білім беру жүйесін жасау үшін алдымен қоғамдық көзқарасты қалыптастыру керек. Одан кейін арнайы заң актілерін жасау қажет. «Қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға Білім және ғылым министрлігі түрткі болуы тиіс. Ал несиелік оқу жүйесін білім беру саласындағы реформа деуге болмайды. Ол студенттердің оқуға деген ынтасын көтеру үшін жасалған әдістеме. Бізде білім беру саласына түбегейлі өзгеріс енгізген реформа әлі жасалған жоқ. Мәселен, экономиканың дамуын орнықтыру үшін жастарға мектеп қабырғасынан бастап экономика негізін оқыту керек. Қазір олар бағалы қағаздың не екенін арнаулы және жоғары оқу орнына келгенде ғана естіп, біледі. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға үздіксіз білім беру жүйесінің қосар үлесі қомақты», деді Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінің Қаржы нарығы және банк ісі кафедрасының меңгерушісі Ұзан Ысқақов.