Ұжымдық жазалау: БҰҰ өкілі Израильдің ауруханаларға шабуылын айыптады

Күзетілетін ауруханаларға шабуыл жасау – халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу. Бұл туралы Анадолы агенттігінің сұрағына жауап берген БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары кеңсесінің ресми өкілі Элизабет Тросселл мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

БҰҰ
Фото: ашық дереккөзден

Тросселл ұжымдық жазалау тәжірибесі де халықаралық құқықты бұзатынын айтты.

Ол осыған байланысты Газа секторының тұрғындары негізгі азық-түлік пен қызметтерге қол жеткізе алмай қалғанын еске салды.

Израиль – Палестина шиеленісі

7 қазан күні таңертең ХАМАС-тың «Изз ад-Дин әл-Қассам бригадалары» әскери қанаты Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясының басталғанын хабарлады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне басып кірді.

ХАМАС бұл операцияның оккупацияланған Шығыс Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуыл және израильдік қоныстанушылар тарапынан палестиналықтарға зорлық-зомбылықтың күшеюіне жауап ретінде жасалғанын айтты.

Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастайтынын мәлімдеді.

Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағаннан бері 8,5 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Ресми дерек бойынша, көз жұмған палестиналықтардың 70 пайызға жуығы – әйелдер мен балалар.

Израильде қаза болғандар саны 1500 адамнан асты.

Газа секторының 2,3 млн тұрғыны Израильдің жаппай әуеден бомбалауынан және анклавтың толық блокадасы салдарынан болған азық-түлік, су және дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр.

БҰҰ Бас Ассамблеясы гуманитарлық жүк жеткізу үшін атысты дереу тоқтатуға шақырды. Бұл ретте Иордания ұсынған қарарды 120 мемлекет қолдады. Алайда Израиль бұл ұсынысты қабылдамады.