Ұзындығы 1006,61 метрге жететін диван Гиннесс рекордтар кітабына енді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Саратов қаласында ұзындығы 1006,61 метрге созылатын диван жасалды, бұл әлемдегі жаңа рекорд болды, деп хабарлайды FreeNews-Volga.
Қаладағы су жағасына қойылған жиһазды тамашалауға 15 мыңнан астам адам жиналған. Оған бір мезетте екі жарым мың адам еркін сыйып отырған. Мұнда арнайы келген Гиннесстің рекордтар кітабының өкілі Анна Орфорд жиһаздың ұзындығын тахеометрмен өлшеп, жаңа рекордтың орнатылғанын жария етті. Диванды құрастырған ірі ресейлік жиһаз компаниясының хабарлауынша, оған 7,5 шақырым қызыл түсті экологиялық былғары жұмсалған. Енді бұл диван 500 бірдей бөлікке бөлініп, сатуға қойылады, ал одан түскен қаражаттың 10 пайызы қайырымдылыққа жұмсалады. Айта кетейік, бұған дейін Гиннесстің рекордтарына «Әлемдегі ең ұзын диван» санатына норвегиялық жиһазшылардың ұзындығы 890 метр болатын диваны енген еді.