В.Божко Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жаңа басшысын таныстырды
ҚОСТАНАЙ. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Жексенбі күні ҚР ТЖМ басшысы Владимир Божко облыстық Төтенше жағдайлар басқармасының жаңа басшысын таныстыру және өңірдің су тасқыны маусымына дайындығын тексеру үшін Қостанай облысына келді.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметіне бұған дейін ҚР ТЖМ Төтенше жағдайды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау жөніндегі комитетінің төраға орынбасары лауазымын атқарған Мұса Танабаев келді. Жаңа басшы ведомствоның Қостанай облысындағы аумақтық органдарының жеке құрамына таныстырылды.
Қостанай облыстық ТЖД-ның бұрынғы басшысы Евгений Батов өз еркімен жұмыстан кету туралы өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды. В.Божко Е.Батовқа «Құтқару жұмыстарына қатысқаны үшін» төс белгісін табыс етті, сондай-ақ оның департаменттің барлық бағыттар бойынша жандануына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жұмыс сапары барысында министр Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовпен ұйымдар мен мекемелердің су тасқыны маусымына дайындық жағдайын талқылады, Қостанай қаласының су шаруашылық нысандарымен, Тобыл өзенінің, Рудный қаласындағы Затобол бөгетінің және Қаратомар су қоймасының жағдайымен танысты.
Ірі индустриялық нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығы ескеріле отырып, В.Божко сондай-ақ Соколов-Сарыбай тау-кен өндіру өндірістік бірлестігінің нысандарын аралап көрді.