В.Божко Семей қаласының қысқы маусымға дайындығы барысында туындап отырған проблемаға алаңдаушылық білдірді
Министрдің айтуына қарағанда, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің есебінде тұрған 952 қазандықтың 493-іне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 274 жөнделіп, 727-сі пайдалануға әзір тұр. Алайда бірқатар облыстардағы қазандықтардың қысқы маусымға дайындығы алаңдаушылық тудыратындығы атап өткен В.Божко «Маңғыстау облысында 16 қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, алайда тек 1-еуі ғана жөнделген. Дәл осындай жағдай Атырау облысында да орын алып отыр. 11 қазандыққа жөндеу жүргізу жсопарланғанымен, тек 4-еуі ғана жөнделген. Солтүстік Қазақстан облысында 3 қазандық жөнделген, ал жоспарланғаны 11 болатын. Қарағанды облысында 18 қазандық жөнделсе, жоспарланғаны 39 қазандық еді. Қызылорда облысында 5 қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, ал орындалғаны біздің бақылауымызда тұрған 1-еуі ғана», деді.
Сондай-ақ министрдің атап өтуінше, Семей қаласында орнатылған жалпы қазандықтар санының 74 пайызы өзінің нормативтік мерзімін аяқтаған. «Қалаға көмек керек. Орын алып отырған жағдай алаңдаушылық тудырады», деп қорытты сөзін В.Божко.