В.Божконың басшылығымен «Қыс-2012» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 15-16 наурызда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі В. Божконың басшылығымен «Орталық және жергілікті атқару органдарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың,
олардың күштері мен құралдарының көктем мезгіліндегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығы» тақырыбында «Қыс-2012» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
Ақпаратқа қарағанда, ағымдағы жылғы оқу-жаттығу штабының басшылығы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында болады.
«Оқу-жаттығу барысында күштер мен құралдардың ықтимал су тасқынының салдарын жоюға дайындығы тексеріледі. Бұдан бөлек іс жүзінде құтқару мен басқа шұғыл жұмыстарға дайындалу және оны жүргізу кезіндегі іс-қимылдарды үйлестірудің алгоритмі мен тетігі пысықталады», - делінген баспасөз айғағында.