Вьетнам мамандары «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын зерделеуге қызығушылық танытты - ҚР СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 шілде күні Ханой қаласында Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы Елшілігімен Ханой ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Абай атындағы мәдениет және ғылым орталығында «100 нақты қадам», «Мәңгілік Ел» - Ұлттық идея» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өткізілді, деп хабарлады ҚР СІМ.
Іс-шараға Ханой ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы, ғалымдар, зиялы қауым өкілі мен сарапшылар, сондай-ақ университет оқытушылары, аспиранттар мен студенттер қатысты. «Дөңгелек үстел» Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформаға арналған.
Қазақстан Елшісі Бекетжан Жұмаханов өз сөзінде аудиторияны еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларында қол жеткізген негізгі жетістіктерімен таныстырып, Елбасының «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауына ерекше назар аударды. Іс-шарада вьетнамдық мамандар қазақстандық Ұлт жоспарды зерделеуге зор қызығушылық танытты. Университеттің вице-президенті профессор До Вьет Хунг Қазақстанның бүгінгі күнгі дамуын және екі елдің арасындағы екіжақты қатынастарды дамытудың кең келешегін жоғары бағалады. Ол Ұлт жоспарда көрсетілген Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс реформаларының өзектілігі мен ауқымдығын атап өтті. «Дөңгелек үстелдің» қатысушыларына Қазақстан туралы бейнеролик ұсынылып, вьетнам тіліне аударылған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, сондай-ақ Қазақстан туралы түрлі ақпараттық материалдар таратылды.