Вьетнамда «Дамри» дауылының құрбандары 89 адамға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнамдағы алапат табиғи апаттар басылмай тұр. Кеше жергілікті «VnExpress» басылымы жариялаған мәліметке қарағанда, «Дамри» дауылынан құрбан болғандардың саны 89-ға жетіп, тағы 18 адам із-түзсіз жоғалған.
None
None

Өткен демалыс күндері Вьетнамда қуатты «Дамри» дауылы тұрып, оның салдарынан су тасқыны болған. Осы табиғи апат елдегі биыл болған ең қуатты дауылдардың бірі болған. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, 100 мыңнан астам үйді су шайып кеткен. Ең көп зардап шеккен Кханьхоа провинциясы, оның 37 тұрғыны ажал құшқан.

Вьетнам үкіметі орталық және оңтүстік өңірлерде кемерінен асқан өзендер су қоймаларында да тасқын туындатуы мүмкін екенін айтады, оның үстіне кейбір аудандардағы нөсер де толастамай тұр.

Осы апат биыл Вьетнамда болған табиғи құбылыстардың ішінде ең көп зиян келтіргені болды. Өткен айда солтүстік және орталық аудандарда болған су тасқыны 70-тен астам адамның өмірін қиған болатын. Ал қыркүйекте орталық Вьетнамда соққан «Доксури» дауылынан 11 адам ажал құшты. Үкімет жыл басынан бері дауыл, су тасқыны және көшкін сияқты табиғи апаттардан 240-тан астам адам құрбан болғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар