«Вьетнамға Қазақстанның тәжірибесі қызықты көрінеді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 16-сы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Вьетнамға Қазақстанның тәжірибесі қызықты көрінеді» - республикалық  басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жоғарыдағылар иек қақса, төмендегілерде ниет артады» тақырыбымен берілген мақала Қостанайда мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты өткен өңірлік семинар - кеңеске назар аударды. 

Биыл асқар Алатаудың баурайынан орын тепкен Қазақ ұлттық университетіне - 75 жыл. Аталмыш басылымның осы номерінде «Алтын ұя» тақырыбымен көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлының ой-толғанысы берілген.

Тарих қатпарына терең үңілген келесі мақала «Ер Жәнібек» деген тақырыппен берілген. Мақалада Абылай ханның оң тізесінен орын алып, тарихта бадырайтып із қалдырған Жәнібек Бердәулетұлы жайында сөз болады.  

                                                     ***

Қазақ жеріне вьетнамдықтар табан тіреді. Бұл туралы толығырақ  «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Вьетнамға Қазақстанның тәжірибесі қызықты көрінеді» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар. «Вьетнам Социалистік Республикасының Үкімет басшысы Нгуен Тан Зунг өзінің қазақстандық әріптесімен кездесіп, кең ауқымда келіссөздер жүргізді. Және бұл келіссөздер жемісті болған сыңайлы», - дейді басылым.

«Ақтөбедегі №1 қалалық перинаталдық перзентхананың маңында соңғы бір айдың ішінде көңілге күмән ұялататын дауыстар шыға бастады. Тұрғындар «мұнда секта жұмыс жасайды» деп топшылап та үлгерді. «Мұнда корей сектасы жасырын жұмыс жасап жатыр» деген де қауесет желдей есті. Шынымен де, таңғы сағат төрттен бұл маңда күн сайын неліктен ұзақ кезек түзіледі?»

Осы сауалдың жауабын іздеген «Айқын» газеті «Кездейсоқ келген кәрістерден күдіктеніп отыр» деген мақалада күдіктің бетін ашады.

Сондай -ақ аталмыш  басылымдағы  «Өртке қатысты үш жорамал бар» тақырыбымен берілген мақала Талдықорғанда  болған қайғылы оқиғаның себебін қарастырады.

***

«Бұл мәселеге жүрдім - бардым қарауды қойып, парақорлыққа белшеден батқан шенеуніктерден біржола құтылу керек! Өйткені, сондай жемқорлардың «көмегімен» соңғы кездері орыстар мен қытайларға Қазақстан азаматтығының сатылып жатқандығы құпия болудан қалды», - дейді «Алтын орда» апталығының бүгінгі саны. Бәрімізді ойландыратын бұл мәселе туралы «Қара қытай қаптаса» деген мақаладан оқи аласыздар.

Аталмыш басылымдағы «Шарана неге шетінейді?» тақырыбымен берілген келесі мақала жас аналардың жүрегін елжіретіп жүрген өзекті мәселені ортаға салады. «Елдегі ана мен бала өлімінің азаймай отырғаны туралы көптеген алқалы жиындарда, басқосуларда жиі айтылып та жүр. Сондай-ақ Парламент депутаттары бұл проблемаға назар аударып, Үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдап та жатады. Алайда, әзірге шығып жатқан нәтиже аз», -дейді басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында тіл полициясын құру керек пе деген қоғамның өзекті сауалы «Ой-көкпар» айдарында талқыға түседі. Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы «жол полициясы белбеу тақпағанды тәніңді қорғамадың» деп айыптайды, ал тілін сыйламағанды «рухыңды неге қорғамайсың» деп тәртіпке шақырсақ дұрыс емес пе?» деген ой тастайды.

Аталмыш басылымдағы «Байқоңыр қазақтары жалақы үшін Ресей азаматы атанып жатыр» тақырыбымен берілген мақала Ресейге жалға берілген нысанда сол елдің азаматы ретінде қызмет етушілердің айлығы қазақстандықтардан жоғары. Бұл жағдай «азаматтықты» оңай айырбастап жіберуге әкеп соқтырып жатыр деген өзекті мәселені ортаға салады.

***

Қазақстанға келген Вьетнам Премьер -министрінің сапары орыс тілді басылымдарда да кеңінен көрініс тапты. Мәселен, «Казахстанская правда» газеті екі ел үкімет басшылары Астанада кеше қос мемлекеттің бизнес өкілдері ынтымақтастығына жол ашатын бірқатар келісімдерге қол қойғанын жазды. Бұл тақырыпты «Литер» мен «ЭкспрессК» басылымдары да жалғастырады.

Қазақстанның қолданыстағы бағдарламалары 13 есе қысқарады. Бұл турасында,  «Литер» газеті хабарлады. Аталмыш басылым кеше Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешовті Мемлекет басшысы қабылдағанын, министр Қазақстанды инновациялық-индустрияландыру бойынша тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп бергенін, ал Елбасы қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды оңтайландыруды  тапсырғанын жазады.

Кеше Талдықорғанда наркологиялық диспансердегі өрт салдарынан қаза тапқандар жерленді, деп жазады «Время» газеті. Алматы облысының әкімі серік Үмбетов осы қайғылы апатта қаза болған үш марқұмның жерлеу рәсіміне қатысты. Қалған марқұмдардың жаназаларына үкіметтік комиссия мүшелері мен облыс әкімінің орынбасарлары қатысқан.