В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтының құрылғанына 60 жыл толды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астрофизика институтының қабырғасы 1941 жылы қаланған. Осы жылдың қыркүйегінде КСРО Ғылым академиясынан Қазақстанға күннің тұтылуын зерттеу үшін келген экспедиция институттың ашылуына мұрындық болады. Ал 1942 жылдан бастап астрофизика саласы бойынша алғашқы зерттеулер жүргізіле бастайды. Бұл зерттеулердің негізін салушылар КСРО Ғылым академиясының академиктері В.Фесенков пен Г. Тихонов болды. 1950 жылы институт Астрофизика және физика-техникалық институт болып екіге бөлінеді. Академик Фесенков астрофизика инстиутын 1964 жылы Мәскеуге кеткенге дейін басқарады. Мәскеуде ғылым жолын жалғастырған ғалым 1972 жылы дүние салған.
Институт астрономия саласында тың зерттеулер мен жаңалықтардың ашылуына мұрындық болған бірден-бір институт ретінде жұмысын жалғастыруда. Қазіргі кезде институт ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің «Ғарышты зерттеу және технологиялары Ұлттық орталығы» АҚ құрамына кіреді. Жұлдыздардың физикасы және тұмандылық, ғарыштағы белсенді үрдістердің физикасы, ғарыштану мен жұлдыздардың қозғалысы, ай мен ғаламшарлардың физикасы, спутниктерді бақылау және ақпараттық жүйелер қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ Алматы маңындағы Каменка үстірті, Тянь-Шань және Асы-Түрген астрономиялық расытханасының қызметін де жүзеге асыру институттың құзырында. Институт ғалымдарының қазіргі таңдағы ең жоғары ғылыми жаңалықтары ретінде ғарышты «қоқыстан» арылту ұсыныстары мен Сейфертовтік 50 галактиканы ашу, жердің жаратылысын зерттеулерді айтуға болады.
Институттың мерейтойына арналған конференция екі күнге созылады. Шараға Ұлттық ғарыш агенттігі, «Ғарышты зерттеу және технологиялары Ұлттық орталығы» АҚ мен Қазақстан, Ресей, Украина, Германия, Қытай, Жапонияның ғарыш саласындағы жетекші ғалымдары қатысуда.