В.Козловқа қатысты сот актілері қайта қаралмайды - ҚР Жоғарғы соты

АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Жоғарғы сот алдын ала қарау қорытындылары бойынша, сотталған В.В.Козловқа қатысты сот актілерін сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тартты. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз баянында хабарланды.

В.Козловқа қатысты сот актілері қайта қаралмайды - ҚР Жоғарғы соты

«Біз қадағалау өндірісін қозғаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдадық, сот актілерін қайта қарауға негіздер жоқ», - деді Жоғарғы соттың судьясы Моряк Шегенов.

2012 жылғы 8 қазанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты В.Козловты мүлкін тәркілеумен 7,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Владимир Козловты сот ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабымен - «Әлеуметтік, ұлттық рулық, нәсілдік немесе діни араздық туғызу», «Конституциялық құрылысты күшпен құлатуға немесе өзгертуге немесе Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығын күштеп бұзуға шақыру», «Қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) құру және оған басшылық жасау, сондай-ақ оған қатысу» баптарымен айыпты деп таныды.

19 қарашада «Алға!» тіркелмеген партиясының көшбасшысы В.Козловтың апелляциясын Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қанағаттандырусыз қалдырды.