В.Редкокашин: Бюджетті оңтайландырудың мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне еш зияны жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мембюджетті оңтайландыру мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне еш зиян тигізбейді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Владимир Редкокашин айтты.

В.Редкокашин: Бюджетті оңтайландырудың мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне еш зияны жоқ

«Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселесіне ерекше назар аударды. Үкіметке 2015 жылы жоспарланған шығыстарды 10 пайызға оңтайландыру тапсырылды. Оңтайландыру мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелеріне зиянын тигізбейді: зейнетақы, әлеуметтік төлемдер көлемі арттырылатын болады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы мөлшері 9 пайызға өсті, ал зейнетақының төменгі шегі қазірдің өзінде 23692 теңгені құрайды. Өткен жылы ол 20782 теңге болған еді», - деді депутат.

Сонымен қатар В.Редкокашин ҚР Президентінің мемлекеттік бағдарламалар аясындағы барлық жобаларға жергілікті жеткізушілер мен өндірушілерді тарту арқылы жүзеге асыру қажеттігін тапсырғанын еске салды.

«Ең бастысы бұл бағдарлама 7,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Сонымен қатар отандық өндірушілер де қолдауға ие болады. Өйткені, бүгінде қарқын алған бәсекелестік біздің өндірушілерімізге шынығып, отандық тауарлар мен қызметтер өндірісінде лайықты орын алуға мүмкіндік береді», - деді депутат.