«В» және «С» гепатитімен ауыратын балаларды вирусқа қарсы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Вирусты «В» және «С» гепатитімен ауыратын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді вирусқа қарсы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін науқас балалар мен жасөспірімдерді амбулаторлық деңгейде альфа 2а немесе 2b интерферон және рибавирин-сиропы препаратымен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда вирусқа қарсы препараттарды облыстардың дәріханалық ұйымдарына жеткізу жұмыстары аяқталуға жақын, вирусты «В» және «С» гепатитін жұқтырған балаларға вирусқа қарсы ем жүргізу басталды.
«Денсаулық сақтау министрлігі халықты ақпаратпен құлағдар ету мақсатында тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне құқық беретін сертификат (мұндай сертификаттар балалардың ата-аналарына денсаулық сақтау басқармаларында беріледі) пен дәрігердің рецептісін ұсына отырып, дәрілік препараттарды алуға болатын дәріханалық ұйымдардың тізбесін жариялайды. Сондай-ақ дәріханалық ұйымдардың тізбесін Министрліктің сайтынан «Фармация» бөлімінің «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімшесінен көруге болады», делінген бүгінгі таратылған хабарламада.