Вагондардың электрондық биржасы құрылады - БҚА
АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бәсекелестікті қорғау агенттігі вагондардың электрондық биржасын құруды ұсынады. Бүгін Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов осылай мәлімдеді.
Агенттіктің талдауына қарағанда, еліміздегі цемент пен авиациялық керосин нарығында, интернет желісіне қосылу желісінің бөлшек сауда нарығында бәсекелестік жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсеткен. Сол секілді талдау нәтижесі бойынша доминанттар реестріне енгізілген вагон операторлығымен айналысатын қазақстандық субъектілерге қолданылатын бағалық реттеу шарасы шетелдік операторлардың реттеу тетігіне қарағанда тиімсіз екенін көрсеткен. «Себебі Кеден одағына мүше өзге елдерде осы қызмет саласындағы жұмыс жасайтын операторларға бізде қолданылатын тарифтік реттеу шаралары қарастырылмаған. Осыған байланысты агенттік Қазақстанда «электрондық ақпарат алаңын», яғни вагондардың электрондық биржасын құруды ұсынады. Бұл қазақстандық жүк тасымалдаушылардың қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және жүк вагондарының пайдалану қызметінің құнын төмендетуге мүмкіндік берер еді», - дейді Б. Қуандықов.
Оның сөзіне қарағанда, АИ-80, АИ-92-93 маркалы бензин және дизель отынын бөлшек саудада өткізу нарығында да бірқатар түйінді мәселелер баршылық.