«Вагонсервис» АҚ басшысы 2 айға қамауға алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Вагонсервис» АҚ Алматы филиалының басшысын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вагонсервис» АҚ басшысы 2 айға қамауға алынды

Тергеу барысында анықталғандай, «Вагонсервис» АҚ басшысы жабдықтау бөлімінің бастығымен алдын ала сөз байласқан. Олар «Вагонсервис» АҚ-ға («Самұрық-Қазына» АҚ-ның қатысу үлесі – 100%) тиесілі есептен шығарылған вагондарды жеткізіп беру желеуімен кәсіпкерлерден қомақты қаражат алып келген.

«Кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы бүгінде 200 млн теңгеден асты. Сот «Вагонсервис» АҚ филиалының басшысына қатысты 2 айға «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», - делінген ведомство хабарламасында.