Вакцина алған қарағандылықтарға кәсіпкерлер жеңілдік көрсетуде

АБАЙ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Абай ауданында вакцина алған азаматтарға кәсіпкерлер жеңілдік көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вакцина алған қарағандылықтарға кәсіпкерлер жеңілдік көрсетуде

Бүгінгі күні аудан бойынша 11 мыннан астам адам вакцина қабылдаған.

«Коронавиру инфекциясына қарсы вакцинация біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де денсаулық сақтаудың өзекті мәселесі болып табылады. Біздің міндетіміз - тұрғындарға вакцинаның маңызын түсіндіру, әлемді жайлаған індетке қарсы үлес қосу, қалыпты жағдаймызға тезірек оралу, желілерді жаулап алған фейк-ақпараттарды жоққа шығару. Сондай-ақ халыққа вакцинация туралы шешім қабылдауға көмектесу, оларды арнайы іс шаралар арқылы ынталандыру», - деді Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі Эльмира Есембайқызы.

Ауданда вакциналауды насихаттау мақсатында кәсіпкерлердің қолдауымен түрлі шаралар көзделген. Соның ішінде 5-тен 50 пайызға дейінгі жеңілдіктер, көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтығын үлестіру бар. Мәлім етілгендей, акцияға қосылатын кәсіпкерлік нысандар саны артып келеді.

«Вакцина қабылдаған көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығын табыстау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта екпе алғандар үшін науқандар, ұтыс ойындары, сыйлықтар, жеңілдік сертификаттары, қаржылық қолдаулар қарастырылады», - деді Эльмира Есембайқызы.