Вакцина алғандар арасында күрделі реакция болған жоқ – қарағандылық дәрігер
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Жаппай вакциналау, қауіпті вирустың мутациясы, «дельта» штамына қатысты бір топ сұраққа Қарағанды қаласының №3 емханасы директорының орынбасары Виктор Музафаров жауап берді.
- Виктор Владимирович, вакцинация қаншалықты тиімді? Ол халықтың жұқтыру пайызына қалай әсер етеді?
- Вакцинаның 2 құрамын алған соң 21 күнінен кейін жұқтыру жағдайларының саны бірнеше есе төмендеді. Қаладағы аураханалардың жансақтау бөлімдерінде ондай адамдар жоқ. Яғни, егер олар ауырса, онда асимптоматикалық түрде асқынусыз өтеді.
- Әлеуметтік желілерде вакцинацияның зияны, жанама әсерлері, оның репродуктивті функцияға, органдарға теріс әсер ететіні туралы жалған ақпараттар бар. Бұл жөнінде не дейсіз?
- Қауесет көп, адамдар жаза береді. бірақ фактілер жоқ. Бізде 14 мың адам вакцина алды, олардың арасында ауыр реакцияға алып келген факт тіркелген жоқ.
- Мутацияланған вирус қаншалықты қауіпті? Мутация қалай жүреді? Онымен қалай күресуге болады?
- Мутация қауіпті, бұл вакцинаның тиімділігіне, өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Мутация – бұл вирустың көбеюіндегі гендердегі қателік, ауру неғұрлым көп болса, мутация ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Күресудің жалғыз жолы – науқастардың санын күрт азайту, яғни бәрін тез және мүмкіндігінше жылдам екпе алу.
- Мутацияланған вирустың жұқпалық деңгейі неліктен жоғары?
- Мұндай мутация, вирустың барынша жылдам таралуына әсер етуде. Дельта штамы инфекцияны арттыра түсті.
- Диарея және құсу түріндегі асқынулар немен байланысты? Бастапқыда вирус тек тыныс алу органдарына әсер етті емес пе?
- Вирус әрқашан барлық жүйелерге әсер етті, ең алдымен өкпеге. Мысалы, иіс сезбеу жүйке жүйесіне зақым келтірілгенін білдіреді. Дельта штамы ішек эпителийіне көбірек әсер етеді және осындай белгілерді тудырады. Бірақ өткен жылы біз ауыр КВИ-дің бір белгісі асқазан-ішек жолдарының бұзылуы екенін білдік.
- Коронавирус тағы қандай органдарға әсер етуі мүмкін?
- Вирустың мақсатты жасушалары барлық органдарда болады. Созылмалы аурулары бар адамдар одан көп зардап шегеді. Яғни, вирус әлсіз жерлерге соққы береді. Бірақ, ең алдымен, әрқашан өкпеге зақым келтіреді.
- Халықты инфекциядан қалай қорғауға болады?
- Вирустан қорғанудың бірден бір жолы ол - вакциналау. Және онымен халықты максималды түрде қамту. Енді дәрігерлерге ревакцинация жасау туралы ойлануымыз керек. Әйтпесе біз кеш қалып қойып, дәрігерлер арасында індеттің таралуымен жол беруіміз мүмкін. Одан кейін жеке гигиенаны сақтану тәсілдері: маска, антисептик, әлеуметтік қашықтық.
- Әңгімеңізге рахмет!