Вакцина алғандардың 0,37 пайызы коронавирус жұқтырған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирусқа қарсы вакцина алған адамдар арасында вирус жұқтыру көрсеткіші қандай? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вакцина алғандардың 0,37 пайызы коронавирус жұқтырған

«Вакцинациядан кейін вирус жұқтырғандардың санына келетін болсақ, бүгінде бұл 29 212 адам немесе вакциналанғандардың 0,37% сырқаттанған. Бірінші компоненттен кейін – 8 631, екінші компоненттен кейін – 20 581 адам. Вакциналардың түрі бойынша жіктесек, «Спутник V» – 24 766 немесе егілгендер санының 0,4% (бірінші компонент – 7 319, екінші компонент – 17 447). QazVac бойынша екпе алағандардың 0,2% немесе 655 адам. 255 адам бірінші компоненттен кейін, 400 адам екінші компоненттен кейін», - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.

Оның сөзіне қарағанда, CoronaVac вакцинасын алғандардың 0,3% немесе 824 адам (бірінші компоненттен кейін – 264, екінші компоненттен кейін – 560) вирус жұқтырған. Sinofarm бойынша 2930 адам немесе екпе қабылдағандардың 0,2% (бірінші компоненттен кейін – 781, екінші компоненттен кейін – 21 049) коронавирусқа шалдыққан.

«Сондай-ақ, Pfizer бойынша – 23, Astra Zeneca бойынша – 4, Moderna бойынша – 3 жағдай тіркелді. Яғни, вакцина алғандардың арасында вирус жұқтырғандардың үлесі әлі де аз» - деді комитет басшысы.