Вакцина неге ерте шықпады деп өкінетіндер бар - инфекционист

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Көпбейінді медициналық орталығы директорының орынбасары Сәуле Атығаева індетпен күреске кіріскен 15 айда өзі сезінген эмоциялар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің коронавирусқа арналған госпитальде жұмыс істеп жүргеніме 15 ай болды. Мыңдаған адамды емдеп шығардық. Өкінішке қарай, жоғалтқан адамдар да көп. Олардың арасында дәрігер әріптестеріміз де, туысқандарымыз да бар. Сәуір айында сырқаттанудың ерекше өскенін байқағанымызды айтқым келеді. Қаңтар айына қарағанда ауру жұқтыру көрсеткіші 3-4 есеге артты. Өлім көрсеткіші 5 еседей өсті. Қаңтарда 22 адам қайтыс болса, сәуірде 104 адам көз жұмды. Оның бәрі біреудің ата-анасы, біреудің жақын туысы, біреудің досы, әріптесі», - дейді инфекционсит.

Орталық өкілі коронавирустан көз жұмған адамдардың туыстары көбінесе вакцина неге ерте шықпады деп өкінетінін айтады.

«Қайтыс болған адамның сүйегін әкетуге келген адамдарды көру бізге өте ауыр. Сол адамдардың аузынан «Әттең, вакцина неге ертерек пайда болмады екен? Вакцина болып, ата-анамызға екпе жасатқанда қазір аман-есен телефонмен сөйлесіп отыратын едік. Бүгін оларды зиратқа емес, саяхатқа апара жататын едік» деген өкініштерді жиі естиміз», - дейді маман.

Ол, сондай-ақ, әр науқасты емдеу ел экономикасына да салмақ салып жатқанын ескертті

«Қазір әркімнің алдында таңдау тұр. Не ауырып емделу, не ауырмай екпе алу керек. Ауруды жұқтыру оңай болғанымен, одан емделу оңай емес. Стационарға түскеннен кейін құлан таза айығып шығудың өзі қиын шаруа. Әр науқасты емдеп шығудың құны да қымбатқа түсіп жатыр. Көптеген қан талдауларын жасауға мәжбүрміз. Өйткені бұл вирус бұрынғылардан мүлде бөлек», - деген инфекционист постковидтік синдромдардың қаншалықты қауіпті екеніне тоқталды.

«Бұл вирус адам денесіндегі көптеген органдарды зақымдайды. Әуелі өкпені, одан кейін жүректі, асқазан мен өтті зақымдайды. Көптеген науқас өмірінде алғаш рет қант диабетіне шалдығып жатыр. Ми да, бүйрек пен қантамырлар қатты шабуылға ұшырайды. Тіпті жолыңыз болып, ем тиімді жүріп, ағзаңыз қарсы тұрып жазылып шықтым дегеннің өзінде қалыпты өмірге орала алмауыңыз мүмкін. Өйткені «посковид синдромы» деген түсінік бар. 2 аптадан кейін, кейде тіпті 3 айдан кейін қиындықтар туып, жүрек, ми, бүйрек, бауыр сияқты органдар сыр беруі мүмкін. Аурудан кейін мүгедек болып қалудың қаупі жоғары. Ал жолыңыз болмаса, жан тапсыруыңыз да мүмкін.

Сондықтан аурудың алдын алудың қамын ойлау керек. Иә, өкінішке қарай аурудың бетін қайтаратын құралымыз аз шығар. Соның ішіндегі ер қолжетімді әрі тиімді жолы –вакцина», - деді Сәуле Атығаева

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің айтуынша, сәуір айының басынан бері елордада 100 мыңнан астам адам вакцина алып үргерген.


Соңғы жаңалықтар