Вакцинадан бас тарту - өзгелердің құқықтарының бұзылуына алып келеді - Нұрлан Ермекбаев

«Вакцина мәселесіне тоқталатын болсақ, шынымен де халық арасында діни емес басқа да себептерге байланысты екпеден бас тарту жағдайлар кездесуде. Сондықтан біз осы жағдайды бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігімен тыңғылықты қарастырып жатырмыз»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, міндетті вакциналау енгізілсе, ол бірінші кезекте өте қауіпті инфекциялар мен паразиттік аурулар бойынша қарастырылады.
«Атап айтқанда, бұл қадам бір баладан екінші балаға берілетін қауіпті инфекциялар аясында ескерілуде. Егер де біреу екпе жасамаса, онда ол өзіне ғана емес, сонымен қатар басқаларға да жұқтыруы ықтимал. Сондықтан да бұл тұрғыда өзге адамдардың да құқықтары бұзылады. Яғни бұған жол берілмеуі қажет»,-деді Ермекбаев.
Сөз соңында бұл мәселе қазір талқыланып жатқандығын және оның нәтижесі бойынша дұрыс шешім жасалатындығын атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл шілде айының орта кезінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанда заңмен вакцинацияны міндетті түрде талап ету енгізілуі мүмкін екенін айтқан болатын.