Вакциналау паспорты «Ashyq» қосымшасымен қашан біріктіріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Вакциналау паспортын «Ashyq» қосымшасымен біріктіру 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылады. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вакциналау паспорты «Ashyq» қосымшасымен қашан біріктіріледі

«Халыққа иммунопрофилактика жасау үшін біз e-gov mobile «Вакцинация» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисіне вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, вакцинация паспорты мынадай деректерді қамтиды: адам қандай препараттарды, қай дозада, қай күндерде (3 тілде іске асырылды) алғаны жазылады.

Сонымен қатар паспорт QR-кодтың көмегімен құжатты талап ету орны бойынша көрсету және қолжетімділікті ашу мүмкіндігін ұсынады.

«Вакцинациялау паспорты вакцинаның 2 компонентін алуына қарай беріледі. Қазіргі уақытта вакцинация паспортын біріктіру үшін IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда. Вакцинация паспортын «Ashyq» қосымшасымен біріктіру 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылады», - деді А. Цой.