Вакцинаны сәбиімнің қауіпсіздігі үшін алдым – бала емізетін ана

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық емізулі ана Альфия Әлібекова алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Және жас ана өзін жақсы сезінетінін айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің жасым 26-да, 7 айлық балам бар, яғни емізулі анамын. Коронавируспен әлем болып күресіп жатқанын және оның қаншалықты тез тарайтынын бәріміз біліп отырмыз. Осы орайда өзім үшін ғана емес, баламның да қауіпсіздігі үшін алдым. Негізі коронавирусқа қарсы вакцинаны Қазақстанға алғаш алып келгенде-ақ салдырғым келген, мен ол кезде жүкті болғандықтан рұқсат берілмеді. Кейін елімізге Pfizer екпесін әкеледі және оны емізулі аналарға алуға болады деген хабарды естідім. Pfizer жеткізілген соң емханаға хабарласып, міне, бүгін алып отырмын. Менде аталған індеттің алғашқы симптомдары болды, бірақ ауырған емеспін», - деді Альфия Әлібекова.

Оның айтуынша, жақындары мен туыстарының дені екпе салдырған.

«Әрине, вакцина алмас бұрын дәрігерлерден, оның ішінде педиатрдан кеңес алдым. Және маған вакцина алуға қатысты еш қысым немесе үгіт болған жоқ. Өз еркіммен алып жатырмын. Қазір өзімді әдеттегідей сезініп тұрмын, баламды емізуді жалғастырамын. Басында қалай болады екен, ауырмай ма деген үрейдің болғаны рас. Pfizer салдырған себебім - бала емізетін анаға рұқсаты бар, әйтпесе QazVac салдырсам дегем. Себебі өз басым отандық ғалымдарға сенемін. Өзім секілді емізулі аналарға вакцина алуға кеңес беремін», - дейді ол.

Бұған дейін бірінші болып вакцина алған астаналық жасөспірім туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар