Вакцинация туралы деректердің әлі де қағазға жазылып жатқаны түсініксіз - сенатор

бибігүл жексенбай
Фото: Сенат

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай қызылшаға қарсы екпе салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kazinform.

«АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қызылшаның жаһандық індетіне қатысты мәліметті жариялап, Қазақстан ауру жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке енді. Қазір елімізде қызылша жұқтырғандар саны 21 мыңнан асты. Сарапшылар пікірінше,

Қазақстанда вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмаған. Жұқпалы дерттің басты себебінің бірі – екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесі сараланып, жасалмай келе жатқандығы», - деді Б. Жексенбай Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар ол бірқатар өңірде елде бар вакциналардың өзі кеңінен таралмағанын және егу қызметінің сапасы төмек екенін айтты.

«Ауылдарда медициналық персонал мен құрал-жабдықтардың жетіспеуі де балаларды уақтылы вакцинациялауды қиындатып отыр. Одан бөлек, діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартқандармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет пен көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән бар. Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты деп мақтанғанымызбен, вакцинация туралы мәліметтер әлі қағазда жазылуы болуы түсініксіз», - деді сенатор.

Депутат Үкіметтің бұл мәселені шешуге жылдар бойы немқұрайлы қарағанына наразылығын жеткізді және жағдайды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.

«Ең алдымен, жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймақтарында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтерін кедергісіз алуды қамтамасыз етіп, арнайы мобильді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткендерін жоюды қадағалауды барынша күшейту маңызды», - деді Бибігүл Жексенбай.

Соңғы жаңалықтар