Валенсия - Испанияның көркем бейнесі - ФОТОРЕПОРТАЖ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тарихы екімыңжылдықтан асатын Валенсия қаласының көркемдігіне тамсанған жұрт оны Испанияның сұлу әйелінің бейнесіне теңеп жатады. Қаланың әрбір жолы мен көне де көркем ортағасырлық тас қабырғалары теңіз жағасына қарай тартып тұратындай.

Валенсия - Испанияның көркем бейнесі - ФОТОРЕПОРТАЖ

Біздің мұндай ғажайып қаланы бетке алғандағы мақсатымыз - ең алдымен қойнауы аңыз әңгімелер мен оқиғаларға толы тарихи қазынаға қанығып, таңданарлық сәулетке бай құрылыс нысандарымен етене танысу болатын.

Алғашқы күнгі саяхат-серуеніміз Жерорта теңізінен бастау алды. Қазақстандық туристер үшін туристік маусым катамаранмен екі сағаттық сапарлау мен ашық теңізде шомылумен ашылды. Кейінірек, теңіз жағасындағы таза ауада құрған саяхатымыз қала ішіндегі ханзада Фелипе атындағы Ғылым және өнер мұражайы мен Король София опера театрында жалғасын тапты. Бұл мұражай - танымал сәулетшілер Сантьяго Калатрава мен Феликс Кандела салған Еуропадағы ең ірі мәдени, ойын-сауық кешені болып табылады. Мұнда ғылым мен табиғаттың өзара үндескен таңғажайыптары өте көп. Соның бірі - сандық үлгідегі киноны көрермендерге шалқалай жатып, шаңырақтан көру мүмкіндігін сыйлауы болса керек-ті.

Саяхатымыздың екінші күнінде біздің жолымыз Маркиз Дос Агуас сарайы мен тарихы сонау XV ғасырларға барып тірелетін Меркат Муниципаль орталық жабық базары мен Жібек биржасына түсті. Айта кетейік, бұл нысандар БҰҰ-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар ескерткішінің қатарына енген және Еуропаның көнеготикалық азаматтық сәулетінің жауһары болып табылады. Сонымен қатар, біз көп кешікпей Валенсия шаһарының бас қазынасы саналатын, қаланың қақ ортасына орналасқан қасиетті Дева кафедральды соборына келдік. Қасиетті Дева Мария бағаналы шіркеуі Ла-Альмойна мұражайының ең құнды қазыналарының бірі. Бұл өз заманында ғибадатшы Викентий мен оның сәулетті сарайы болған деседі.

Біздің саяхатымыздың келесі аялдамасы Толедо қаласы болмақ.