«Валют-Транзит банк» АҚ-ны тарату комиссиясы 260 млн. теңгені жымқырған - ҚР Бас прокуратурасы
АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бас прокуратура «Валют-Транзит банк» АҚ-ның 260 млн. теңгесін жымқырған комиссияның заңсыз ісіне қатысты материалдарды қаржы органдарына жіберді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысының прокуратурасы жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде «Валют-Транзит банк» АҚ-сын таратумен айналысқан комиссияның азаматтарға тиесілі 47 млрд. теңгенің тек 3,7 млрд. теңгесін ғана қайтарғандығы анықталды. «Сондай-ақ тексеру барысында басқа да көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде жалпы сомасы 260 млн. теңгені құрайтын банктің мүлкін есептен заңсыз шығару жағдайы бар», - деді Н.Сүйіндіков.