Валюта бағамы және инфляция: Kcell тарифтердің көтерілу себептерін атады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Кcell алдағы уақытқа жоспарланған тариф бағасын өсіру туралы шешімін қайта қарады.

Kcell
Фото: Kcell

Бұған дейін компания кейбір тарифтік жоспарлар үшін ай сайынғы абоненттік төлемді 21 сәуірден бастап түзетілетіні туралы мәлімдеген еді. Алайда кейін бұл шешімнен бас тартты.

Оның себебін «Кcell » АҚ бас коммерциялық директоры және басқарма мүшесі Қазбек Шайымов түсіндірді.

— Тарифтерді көтеру мәселесі біздің абоненттерімізді үнемі алаңдатады. Біз бағаны реттеуді жоспарладық. Бірақ әртүрлі факторларды, бірінші кезекте клиенттеріміздің өтініштерін ескере отырып, біз он тарифтік жоспар бойынша ағымдағы шарттарды сақтауды ұйғардық және ешқандай өзгеріс енгізген жоқпыз, — деп атап өтті ол.

Айтуынша, тарифтік жоспарды қалыптастыру көптеген факторға байланысты.

— Біріншіден, бұл қазіргі жағдайда күтпеген әрекет ететін валюта бағамы. Біз Ericsson сияқты телекоммуникация саласындағы жетекші компаниялармен ынтымақтасамыз және көптеген келісімшартымыз шетел валютасында жасалған. Сондықтан доллар бағамының кез келген өзгерісі әсер етеді. Біз басқа да экономикалық көрсеткіштерді, соның ішінде инфляцияны қарастырамыз. Сондықтан кейде желі сапасын сақтау үшін осындай шешімдер қабылдауға тура келеді. Деректер трафигін тұтыну көлемі үнемі өсіп келеді: көптеген абонент біздің қызметті жұмыс және оқу үшін пайдаланады. Сондықтан тұрақты және сапалы коммуникацияны қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және бизнесті қолдау маңызды. Болашақта тарифтер өзгереді ме деген сұраққа бізде нақты жауап жоқ — бұл көптеген факторға байланысты, — деді Қазбек Шайымов.

Осыған дейін елімізде байланыс сапасын қадағалап, азаматтардың құқықтарын қорғайтын қор құрылатыны туралы жазған едік. 

Айта кетейік, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл Қытайдың Shanghai Spacecom Satellite спутниктік компаниясымен меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар