Валюта бағамына апталық шолу: қазан айында доллар 2,9 пайыз қымбаттады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазан айының соңғы аптасында теңге бағамы құбылып, жұма күні біршама нығайды. 27 қазанда 451,05 теңге болған АҚШ доллары 29 қазанда 457,09 теңгеге дейін көтеріліп, 30 қазанда 453,71 теңгеге түсті. Алайда апта соңындағы төмендеу ұлттық валютаның ай бойғы әлсіреу үрдісін өзгерткен жоқ, қазанның басымен салыстырғанда доллар 12,85 теңгеге қымбаттаған. 

валюта
Коллаж: Kazinform

Теңге бағамы теңселіп тұр

Апта басынан бері доллар бағамы бірнеше рет өзгерді. 28 қазанда ол 455,63 теңгеге жетсе, келесі күні тағы 1,46 теңгеге өсіп, 457,09 теңге болды. Жұма күні доллар бір күнде 3,38 теңгеге арзандады. Осылайша, апта қорытындысында доллар 27 қазандағы деңгейден 2,66 теңгеге жоғары қалды.

Өзге валюталар да апта ішінде қымбаттап, жұмада арзандады. 29 қазанда еуро 508,42 теңге, Қытай юані 68,56 теңге, Ресей рублі 5,67 теңге болды. 30 қазанда олардың ресми бағамы тиісінше 505,80, 68,11 және 5,63 теңгеге дейін төмендеді. Бір күнде еуро 2,62 теңгеге, юань 45 тиынға, рубль 4 тиынға арзандады.

Валюта нарығындағы апталық қозғалысты бағалағанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме жөніндегі шешімін де ескерген жөн. 23 қазанда реттеуші орган мөлшерлемені 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендетті. Ұлттық банк бұл шешімді инфляцияның баяулауымен байланыстырды. Өйткені қыркүйекте жылдық ресми инфляция 9,3 пайыз болған. Алайда валюта бағамын тек Ұлттық банк шешімімен түсіндіру аздық етеді. Оған сыртқы нарықтағы ахуал, экспорт түсімі, валютаға сұраныс пен ұсыныс та әсер етеді.

27-29 қазан аралығында Қазақстан қор биржасындағы сауда көлемі 868,1 млн доллар, 14,52 млн еуро, 7,96 млрд рубль және 189,1 млн юань болған. 30 қазанда Қазақстан қор биржасында АҚШ долларымен жасалған мәмілелер көлемі 258,8 млн долларға жетті. Еуро бойынша 4,43 млн еуроға, Қытай юані бойынша 16,6 млн юаньға сауда жасалды. Ресей рублімен жасалған мәмілелердің жалпы көлемі 2,58 млрд рубль болды.

Қазан айының басында (1 қазанда) АҚШ доллары 440,86 теңге болған. Ай ішінде бағам бірде төмендеп, бірде көтерілді. 6 қазанда 454,98 теңгеге жеткен доллар кейін 8 қазанда 447,14 теңгеге дейін арзандады. 16 қазанда қайтадан 454,14 теңгеге көтеріліп, айдың соңғы аптасында тағы өсті. Ең жоғары көрсеткіш 29 қазанда тіркелді: 457,09 теңге. 30 қазанда доллар 453,71 теңгеге түскенімен, ай басындағы деңгейден 12,85 теңгеге немесе шамамен 2,9 пайыз жоғары қалды. Демек, теңге апта соңында аздап нығайғанымен, қазан айын әлсіреумен аяқтап отыр.

Қолма-қол айырбас

Сондай-ақ, қыркүйек айында қолма-қол валюта нарығында еуроға сұраныс артқан. THE TENGE ресурсы Ұлттық банк деректеріне сүйеніп жүргізген талдауында халықтың айырбастау пункттерінен еуроны сатып алу көлемі тамызбен салыстырғанда 15 млн долларға өсіп, 19,7 млн доллардың баламасына жеткенін жазады. Бұл төрт негізгі валютаның ішінде сұранысы артқан жалғыз валюта болды. Өсімнің жартысынан астамы Алматы, Шымкент және Астанаға тиесілі: осы үш қаладағы таза сатып алу жиынтығы 7,8 млн долларға ұлғайған. THE TENGE мұны оқу жылының басталуымен, шетелде білім алуға байланысты төлемдермен және Еуропаға сапарлардың көбеюімен байланыстырады. Тамызда кейінге қалған сұраныстың бір бөлігі де қыркүйекте жүзеге асуы да мүмкін.