Валюта бағамына апталық шолу: теңге қарашаны нығайып бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қараша айының алғашқы аптасында теңгенің шетел валюталарына қатысты бағамы біркелкі өзгерген жоқ. 6 қарашадағы сауда қорытындысында доллар мен рубль арзандаса, еуроның ресми бағамы алдыңғы аптаның соңындағы көрсеткішпен есептегенде өсті. Қытай юанінің бағамы төмендеді.

валюта
Коллаж: Kazinform/ЖИ

Аптаның соңғы сауда күнінде доллардың орташа сараланған бағамы 446,32 теңге болды. Бұл 5 қарашадағы көрсеткіштен 4,35 теңгеге төмен. Күндізгі саудада доллардың ең төменгі бағамы 446,15 теңге, ең жоғарғысы 446,90 теңге деңгейінде қалыптасты. Жалпы көлемі 59,75 млн доллар болатын 9 мәміле жасалды. Бір күн бұрынғы саудамен салыстырғанда мәмілелер көлемі 22,75 млн долларға артқан. Ал мәміле саны аз болғанмен, саудаға түскен доллар көлемінің ұлғаюы нарықтағы операциялардың ірі сомалармен жүргізілгенін аңғартады. KASE дерегінде сауда күнінің соңындағы доллар бағамы 447,14 теңге деп көрсетілген.

Ресей рублінің де теңгеге қатысты бағамы апта соңында арзандады. 6 қарашадағы биржа саудасында оның орташа бағамы 5,4688 теңге болды. Алдыңғы сауда күнімен салыстырғанда 5,77 тиынға төмендеді. Рубль бойынша жалпы сауда көлемі 887,23 млн рубль болатын 912 мәміле тіркелді. Бір күн бұрынғы саудамен салыстырғанда мәмілелер көлемі 1 млрд рубльден астам азайған. Ол кезде рубльдің ең төменгі бағамы 5,46 теңге, ең жоғарғысы 5,4992 теңге болған еді.

Бүгін Қытай юанінің орташа сараланған бағамы 67,1701 теңге болып, алдыңғы сауда күнінен 0,6833 теңгеге төмендеді. Биржада 25,75 млн юань көлемінде 11 мәміле жасалған. Сауда көлемі бір күн бұрынғы көрсеткіштен 16,05 млн юаньға артты. Демек, апта соңында үш негізгі валюта бойынша да теңге бағамы жоғарылады, яғни доллар, рубль және юань теңгеге шаққанда арзандады.

Қазақстан Ұлттық банкінің 6 қарашаға белгілеген ресми бағамы бойынша 1 АҚШ доллары 451,87 теңге, 1 еуро 507,31 теңге, 1 Ресей рублі 5,53 теңге, 1 Қытай юані 67,77 теңге болды. Ұлттық банктің 2 қарашада жариялаған валюталық нарық жөніндегі хабарламасында қазан айында теңгенің долларға қатысты бағамы 3 пайыз әлсіреп, 453,77 теңгеге дейін төмендегені айтылған. Ал 6 қарашадағы ресми бағам қазанның соңындағы деңгейден 1,90 теңгеге төмен. Яғни қараша айының алғашқы аптасында теңге долларға шаққанда біршама нығайған.

Валюта айырбастау орындарында 1 доллар 447-448 теңгемен сатып алынып, 449,5-450 теңгеге сатылып жатыр.

Бүгінгі бағамды, бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, доллар 78,60 теңгеге арзан, яғни бір АҚШ долларының ресми құны 2025 жылғы қарашаның алғашқы аптасында 530,47 теңге болса, биыл 451,87 теңгеге дейін түсіп отыр. Бұл теңгенің долларға қатысты шамамен 14,8 пайыз нығайғанын білдіреді. 

Ал еуро 602,79 теңгеден 507,31 теңгеге дейін төмендеп, 95,48 теңгеге (15,8%) арзандады. Ресей рублі 6,45 теңгеден 5,53 теңгеге дейін түсіп, 92 тиынға (14,3%) арзандаған. Қытай юанінің бағамы 73,66 теңгеден 67,77 теңгеге дейін төмендеп, 5,89 теңгеге немесе 8 пайыз төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін доллар 4 теңгеге арзандап, 447 теңгеге түскенін хабарлаған едік.