Валюта бағамының апталық шолуы: Теңге қайта нығаюға бет алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйектің алғашқы аптасында теңгенің негізгі шетел валюталарына қатысты бағамы нығайды. 31 тамызда 462 теңге деңгейінде болған доллар апта ортасында 455 теңгеге дейін арзандап, аптаның соңында қайта сәл қымбаттады. Еуро мен рубль де теңгеге қатысты төмендеді.
Апта басындағы ауытқу
Аптаның алғашқы саудасында, 31 тамызда, Қазақстан қор биржасында доллардың орташа сараланған бағамы 2,23 теңгеге төмендеп, 462,31 теңге болды. Рубль 0,09 теңгеге арзандап, 5,34 теңгеге, юань 0,25 теңгеге төмендеп, 68,85 теңгеге түсті.
1 қыркүйекте доллардың арзандауы жалғасты. KASE-дегі күндізгі сауда қорытындысында америкалық валюта бір күнде тағы 3,12 теңгеге төмендеп, 458,45 теңге болды. Осы күні рубль 5,26 теңгеге дейін арзандады.
2 қыркүйекте доллар тағы 2,97 теңгеге арзандап, 455,40 теңге деңгейіне түсті. Осылайша аптаның алғашқы үш сауда күнінде америкалық валюта 31 тамыздағы деңгеймен салыстырғанда шамамен 7 теңгеге арзандады.
Алайда аптаның соңына қарай теңгенің нығаю қарқыны бәсеңдеді. 3 қыркүйекте доллардың орташа сараланған бағамы 0,47 теңгеге өсіп, 455,86 теңге болды. 4 қыркүйекте америкалық валюта тағы 0,53 теңгеге қымбаттап, 456,56 теңгеге жетті.
Осылайша 31 тамыздағы 462,31 теңгемен салыстырғанда, 4 қыркүйекте доллар 5,75 теңгеге немесе шамамен 1,2 пайыз арзандады. Демек, апта қорытындысында теңге долларға қатысты нығайды.
4 валюта та арзандады
Еуроның қозғалысы да төмен бағытта болды. Апта басында Ұлттық банктің ресми бағамы 541 теңге деңгейінде болса, аптаның соңына қарай еуро 529 теңге маңына түсті. Рубль де теңгеге қатысты арзандады. Ал юань апта басындағы төмендеуден кейін нарықтағы жалпы қозғалысқа қарай құбылды.
Бұл аптадағы негізгі қозғалыс 1-2 қыркүйекте байқалды. Екі күн ішінде доллардың KASE-дегі бағамы 458,45 теңгеден 455,40 теңгеге дейін түсті. Бұған дейін тамыздың соңғы аптасында керісінше доллар бірнеше күн қатарынан қымбаттаған еді. 24 тамызда оның ресми бағамы 456,88 теңге болса, 28 тамызда 462,30 теңгеге жеткен.
Яғни қыркүйектің алғашқы күндеріндегі қозғалысты тамыздағы өсімнен кейінгі түзету ретінде де қарауға болады. Доллар 24-28 тамыз аралығында 5,42 теңгеге қымбаттаса, келесі аптаның алғашқы екі күнінде KASE-дегі бағам 6,91 теңгеге төмендеді.
Аптаның соңындағы сауда көлемі де нарықтағы белсенділікті көрсетті. 4 қыркүйекте доллардың орташа сараланған бағамы 456,56 теңге болып, күн ішінде 0,53 теңгеге өсті. Ақша айырбастау орындарында Астанада доллар 454 теңгеден сатып алынып, 461,01 теңгеден сатылды. Алматыда сатып алу бағасы 456,18 теңге, сату бағасы 458,21 теңге болды.
Қыркүйектің алғашқы аптасындағы теңгенің нығаюына бір ғана фактор әсер етті деп айту қиын. Доллардың апта ортасында күрт арзандап, соңына қарай қайта өсуін нарықтағы қалыпты құбылмалылықпен байланыстыруға болады. Бағамға экспорттаушылардың валюталық түсімді сатуы, импорттаушылар тарапынан долларға сұраныс, әлемдік нарықтағы доллардың қозғалысы және мұнай бағасы сияқты бірнеше фактор қатар әсер етеді.
4 қыркүйекте KASE-де доллардың T+1 есеп айырысу режиміндегі сауда көлемі 470,05 млн доллар болып, 1 214 мәміле жасалды. Еуро бойынша сауда көлемі 2,09 млн еуроға, юань бойынша 33,56 млн юаньға, рубль бойынша 3,61 млрд рубльге жетті. Ал T+0 режимінде рубльмен тағы 2,39 млрд рубль, юаньмен 16,5 млн юань көлемінде мәміле жасалды.
Базалық мөлшерлеме түсті
Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция тамызда 9,8%-ға дейін баяулаған. Дезинфляциялық процесс қатарынан 11 ай жалғасып келеді.
— Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеген. Бұған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандауы және импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,4%-ға дейін баяуласа, сервистік инфляция 8,9% болды. Тамыздағы айлық инфляция — 0,6%. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері де төмендеп, шілдеде 12,1% болды. Маусымда бұл көрсеткіш 13,4% еді, — делінген хабарламада.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының нығаюы шетелден әкелінетін тауарлардың бағасына әсер етіп, елдегі инфляцияның төмендеуіне ықпал етіп отырғанын айтты.
— Теңгенің нығаюы импортқа кететін шығынды азайтып, баға өсімін тежеуге ықпал етіп отыр. Соның нәтижесінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны тамызда 11,4%-ға дейін баяулады, — деді Ұлттық банк төрағасы.